Бізге жазылыңыз:

Жылыту маусымы: Олжас Бектенов әкімдерге дайындықты жеделдетуді тапсырды

Жылыту маусымы: Олжас Бектенов әкімдерге дайындықты жеделдетуді тапсырды

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында алдағы жылыту маусымына дайындық мәселесі қаралды. Негізгі назар әлеуметтік нысандарға жылуды уақытылы беруге, энергия көздері мен жылу желілеріндегі жөндеу жұмыстарын аяқтауға аударылды.

«Жекелеген облыстарда жылу беру маусымының басталуына санаулы күндер қалды. Әкімдерге дайындық жұмыстарын жеделдетуді тапсырамын. Бірінші кезекте әлеуметтік нысандарға – балабақшалар мен мектептерге, ауруханалар мен емханаларға жылу берілуі тиіс. Жылыту маусымын уақтылы, белгіленген мерзімнен кешіктірмей бастау қажет. Нысандардың дайындық паспорттарын алу үшін құжаттарды тапсыру аяқталып қалды. Ертең – соңғы күн. Әкімдер бұл мәселені жеке бақылауға алуы керек», — деді Олжас Бектенов.

Бес өңірде жылу беру басталды

Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаевтың мәліметінше, қазіргі уақытта Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарында жылу берілген.

Апта соңына дейін орталық, батыс және шығыс өңірлерде жылу беру маусымын бастау жоспарланып отыр.

Энергия нысандарында жылыту кезеңіне 4,9 млн тонна көмір және 127 мың тонна мазут қоры дайындалған. Сонымен қатар 17 мың шақырым электр беру желісі жөндеуден толық өтті, төрт қосалқы стансадағы жұмыстар аяқталуға жақын.

Жылу желілерінің дайындық деңгейі 99%. Жалпы 377 шақырым желінің 374 шақырымы дайын.

Петропавл мен Степногорскідегі жағдай

Петропавлда үш негізгі жылу магистралін реконструкциялау аяқталды. Қазір желілерді жуу және қысыммен сынау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Степногорск қаласында жылыту маусымы 25 қыркүйекте басталды. Қаладағы шағын аудандардың тарату желілері дайын, ал магистральдық желілерді дайындау жұмыстары жалғасуда.

Семей қаласы ерекше бақылауда тұр. Мұнда дайындық жоспарының орындалуы 82% деңгейінде.

Жылыту маусымына дайындық жұмыстарын үйлестіру Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевқа жүктелді.

Ұқсас материалдар