ЖАҢАЛЫҚТАР
ЖІӨ, инфляция, ұлттық қор, бюджет: Үкіметтің 2026-2028 жылдарға экономикалық болжамы

Вице-премьер ұсынған мәліметке сәйкес, тау-кен өнеркәсібіндегі үш жылдағы орташа өсім 2,8%, ауыл шаруашылығында — 3,9%, құрылыста — 11,0%, көлік қызметтерінде — 10,1% және саудада — 6,7%-ды құрайды. Оның айтуынша, оң сауда балансы сақталады.
— Экспорт болжам бойынша 2026 жылы 77,1 млрд АҚШ долларынан 2028 жылы 83,7 млрд АҚШ долларына дейін, импорт — 67,7-ден 75,2 млрд АҚШ долларына дейін өседі. Инфляция болжамы 2026 жылы шамамен 10,0% аспайды, 2027 және 2028 жылдары 6,0% сатысында. Макро болжамның негізінде 2026–2028 жылдарға арналған бюджеттік параметрлердің болжамы қалыптастырылды. Республикалық бюджеттің кірісі болжам бойынша 2026 жылы 19,2 трлн теңгені, 2027 жылы — 21,2 трлн теңгені, 2028 жылы 23,2 трлн теңгені құрайды, — дейді ол.
Сондай-ақ министр Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт бюджет қағидасын ескере отырып, жыл сайын 2 770 млрд теңге мөлшерінде айқындалатынын айтып отыр. Ал бюджет тапшылығы 2028 жылы жалпы ішкі өнімге қатысты 0,9%-ға дейін төмендей отырып, 2026 жылы ЖІӨ-ге 2,5% деңгейінде айқындалды.
— Мұнай емес тапшылық ЖІӨ-ге қатысты 4,9%-дан ЖІӨ-ге қатысты 2,7%-ға дейін қысқарады. Осыны ескере отырып, республикалық бюджеттің шығысы 2026 жылы 27,7 трлн теңгені, 2027 жылы — 28,8 трлн теңгені және 2028 жылы — 29,8 трлн теңгені құрайды. Кіріс пен шығыс бойынша бюджет нысаналы трансферт түрінде Ұлттық қордан қосымша қаражат тартудың қажеттілігінсіз өзін-өзі қамтамасыз етеді. Ұлттық қордың таза валюталық активі 2026 жылы 60,8 млрд доллардан 2028 жылы 68,6 млрд долларға дейін өседі деп болжанып отыр, — деп толықтырды С. Жұманғарин.
Бүгін Үкімет елдің үш жылдық әлеуметтік-экономикалық даму болжамын пысықтап жатыр.