Бізге жазылыңыз:

Жезқазған – Қарағанды автожолын қайта жаңғырту жобасы басталды

Жезқазған – Қарағанды автожолын қайта жаңғырту жобасы басталды

Жобаның жалпы ұзындығы 572 шақырымды құрайды. Оның 335 шақырымы Ұлытау облысының аумағы арқылы өтеді. Республикалық маңызы бар автожолды жаңғырту жұмыстарының басталуына арналған іс-шараға «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев, Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен мердігер ұйымдардың өкілдері қатысты.

Жобаның маңыздылығына тоқталған Нұрлыбек Нәлібаев бұл бастама Мемлекет басшысының тікелей бақылауында екенін атап өтті.

«Бұл – Мемлекет басшысының тікелей бақылауындағы, ел үшін айрықша маңызы бар әрі көптен күткен жоба. Бүгін оның құрылысына ресми түрде бастау беріліп отыр. Жоспарға сәйкес жоба 2029 жылы аяқталуы тиіс. Дегенмен мердігер ұйымдармен келіссөздер жүргізіп, тиісті міндеттер жүктейміз. Негізгі мақсатымыз – құрылыс қарқынын жеделдетіп, жобаны мүмкіндігінше ертерек, яғни 2028 жылы аяқтау», — деді ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары.

Іс-шара барысында Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков жобаның өңір үшін стратегиялық маңызын атап өтті.

«Бұл жол Астана мен еліміздің оңтүстік өңірлерін Ұлытау арқылы байланыстыратын маңызды көлік дәлізі. Сондықтан республикалық маңызы бар автожолды жаңғыртуды облыс тұрғындары ғана емес, күн сайын осы бағытта қатынайтын мыңдаған жүргізуші мен жолаушы көптен бері күтті. Қаржыландыру мәселесі шешіліп, жобаның нақты жүзеге аса бастауы – барша жұртшылық үшін қуанышты жаңалық. Осы маңызды бастаманың жүзеге асуына қолдау көрсеткен Мемлекет басшысына, Үкіметке, сондай-ақ жобаны іске асыруға атсалысып жатқан барлық азаматтарға шынайы ризашылығымды білдіремін», — деді облыс әкімі.

Жезқазған – Қарағанды автожолын қайта жаңғырту жобасы өңірдің көлік инфрақұрылымын дамытуға, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға, жүк және жолаушылар тасымалының тиімділігін жақсартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жоба Ұлытау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер етіп, өңірдің транзиттік әлеуетін күшейтуге ықпал етеді.

Ұқсас материалдар