Бізге жазылыңыз:

Жергілікті бюджеттердің республикалық бюджетке тәуелділігі 34%-ға дейін төмендейді

Жергілікті бюджеттердің республикалық бюджетке тәуелділігі 34%-ға дейін төмендейді
2025 жылдың қорытындысы бойынша экономиканың орнықты өсімін сақтап қалуға қол жеткізілді. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов мәлім етті. - Үкімет өзіңіз айқындап берген ел экономикасын одан әрі нығайту жөніндегі міндеттерге және Қазақстан халқына Жолдауыңызда айтылған стратегиялық мақсаттарға сәйкес 2025 жылы жүйелі өзгерістерге негізделген іс-шараларды қабылдады. Салық, тариф және бюджет саясатында, цифрлық және құрылыс секторларында, сондай-ақ әлеуметтік салада қабылданған шешімдер экономиканы дамытуға тосқауыл болып отырған құрылымдық диспропорцияларды жоюға бағытталды. Салық және бюджет реформасы Ұлттық қордан нысаналы трансферттерді алмай-ақ, еліміздің үш жылдық бюджетін қалыптастыруға мүмкіндік берді. Ол 2028-ші жылға қарай бюджет тапшылығын жалпы ішкі өнімнің 0,9%-на дейін қысқартуға ықпал етеді. Жергілікті бюджеттердің республикалық бюджетке тәуелділігі 2025 жылғы 50%-дан 2028 жылы 34%-ға дейін төмендейді. Іске асырылған реформалар кезеңінде 2025 жылдың қорытындысы бойынша экономиканың орнықты өсімін сақтап қалуға қол жеткізілді, - деді О. Бектенов.
Оның айтуынша, құндық мәнде ЖІӨ-нің өсуі 20,1 млрд долларды құрады. Бұл іс жүзінде ірі өнеркәсіптік өңірдің ЖӨӨ-сіне тең.

- Экономиканың өсуіне қарамастан, жуық арада шешімін табуға тиіс бірқатар өзекті мәселелер бар.Үкімет еліміздің инфрақұрылымын жаңғырту және ірі өнеркәсіптік жобаларды жүзеге асыруға басымдық бере отырып, тиісті бір дәрежеде шағын және орта бизнесті қолдауға көңіл бөлу жағын бәсеңдетіп алды. Ал, бұл секторда шамамен 4,5 миллион адам, яғни экономикалық белсенді халықтың тең жартысы еңбек етеді. Сіздің экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету туралы тапсырмаңызға сәйкес микро және шағын бизнес субъектілеріне арналған қаржылық, қаржылық емес және инфрақұрылымдық қолдау шараларын бір жүйеге келтіретін «Іскер аймақ» бағдарламасы бекітілді. Алайда бұл бағдарлама ШОБ-тың барлық әлеуетін ашу үшін жеткіліксіз. Осыған байланысты Үкімет бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп қосымша қаржылық және реттеушілік шараларын әзірлеуде. Осындай шаралардың бірі ретінде шағын және орта өндірушілерді заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету бағдарламасын атап өтуге болады, - деді Үкімет басшысы.

Ұқсас материалдар