ЖАҢАЛЫҚТАР
Жемқорлық символы: Астанадағы 1 млрд теңгенің субұрқағы қалпына келтіріле ме

– Дәл қазір қалпына келтіреміз бе, жоқ па, айта алмаймын. Қалпына келтіру өте қымбатқа түседі, бірақ, бұзудың да шығыны аз болмайды. Сол себепті байыпты шешім қабылданады. Біз қала тұрғындарымен ақылдасып, ортақ пікірге сүйене отырып шешім қабылдаймыз. Бірақ, пікірлер әртүрлі, біреулер оны бұзуды талап етсе, енді біреулер қалдыруды сұрап отыр, - деп жауап берді Жеңіс Қасымбек тұрғын сауалына.
Еске сала кетсек, 2016 жылы Астана күні мерекесіне орай салынған «Күн» (Есіл өзеніндегі жарық-иллюминациялық және от шоуы) субұрқағының құрылысы айналасында жемқорлық дау шыққан еді.
Аталған жемқорлық дау бойынша күдікті ретінде 2024 жылы қыркүйекте Болат Мажағұлов ұсталды.
Қаржылық мониторинг агенттігі Астана қаласының Мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы мен мердігер ұйым өкілдеріне қатысты аса ірі көлемде бюджет қаражатын (1 млрд теңге) жымқыру күдігіне іліккенін хабарлады.
Ұрланған қаражаттың көлемі 1 млрд теңгеден асып отыр. Күдікті, Астана қаласының Мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу аясында оның мүлкіне тыйым салынды.
Оның ішінде 3 коммерциялық нысан, 2 автотұрақ орны және Астана қаласындағы премиум санаттағы пәтер бар. Аталған іс бойынша күдіктілерге тиесілі 572 миллион теңгенің мүлкіне шектеу қойылды.
Биыл қаңтарда Болат Мажағұлов 8,5 жылға сотталды.