ЖАП Ұлттық қордан бөлінетін 2 трлн теңгеге қатысты жобаларға күмән келтірді
Жоғары аудиторлық палата (ЖАП) 2027 жылы Ұлттық қордан берілетін нысаналы трансферттер есебінен қаржыландыру жоспарланған жобаларға қатысты бірқатар мәселені анықтады. Келесі жылы бұл мақсатқа 2 трлн теңге, ал 2027–2029 жылдары Ұлттық қордан даму бағытындағы нысаналы трансферттер ретінде жалпы 5 трлн теңге бөлу жоспарланған.
2027 жылы қаражатты 272 жобаға бағыттау көзделген. Оның 123-і өтпелі жоба болса, 149-ы — жаңа жоба. Алайда жобалар тізімі мемлекеттік инвестициялық жобалар портфелі түпкілікті қалыптастырылмай тұрып жасалған.
66 жобаның мәртебесі анықталмаған
Жоспарланған жобалардың 200-і 931,1 млрд теңге көлемінде жалпыұлттық немесе аса маңызды жобалар санатына жатқызылған. Тағы екі жобаның жалпы құны 45,1 млрд теңге, олардың мәртебесі жабық деп көрсетілген.
Сонымен қатар құны 492,8 млрд теңге болатын 58 жоба аса маңызды немесе жалпыұлттық жобалар қатарына енгізілмеген. Олардың ішінде:
-
шекарадағы өткізу пункттерін реконструкциялауға арналған 34 жоба — 442,1 млрд теңге;
-
үш жол жобасы — 36 млрд теңге;
-
19 шекара бөлімшесі — 5,3 млрд теңге;
-
Бозоқ қалашығын қоршау және Алматыдағы Орталық мемлекеттік архивтің архив қоймасын салу жобалары — 9,4 млрд теңге.
Бұдан бөлек, жалпы құны 515,9 млрд теңге болатын көлік инфрақұрылымының сегіз жобасының мемлекеттік инвестициялық жобалар портфеліндегі мәртебесі анықталмаған.
Осылайша, жалпы құны шамамен 1,009 трлн теңге болатын 66 жобаның мәртебесіне қатысты мәселе туындаған. ЖАП бұл жобалардың мәртебесін анықтап, мемлекеттік инвестициялық жобалар портфелін бюджет заңнамасының талаптарына сәйкестендіруді ұсынды.
17 жоба бойынша ЖСҚ мерзімі аяқталуға жақын
Аудиторлар жобалық-сметалық құжаттамасының (ЖСҚ) қолданылу мерзімі аяқталуға жақын тұрған 17 жаңа жобаға да назар аударды. Олардың жалпы құны — 16,55 млрд теңге.
Құны 4,83 млрд теңге болатын жеті жобаның ЖСҚ мерзімі 2026 жылдың соңына дейін аяқталады. Тағы 10 жобаның жалпы құны 11,72 млрд теңге, олардың құжаттамасының мерзімі 2027 жылдың бірінші тоқсанында бітеді.
Қолданыстағы талаптарға сәйкес, ЖСҚ бекітілгеннен кейін үш немесе одан да көп жыл ішінде құрылыс басталмаса, құжаттама ескірген болып саналады. Осыған байланысты ЖАП алдымен ЖСҚ мерзімі 2027 жылдың басында аяқталатын жобаларды қаржыландыруды ұсынды.
Екі өткізу пунктіне сметадан артық қаражат қарастырылған
Батыс Қазақстан облысындағы Ресеймен шекарада орналасқан «Тасқала» және «Сырым» өткізу пункттерін қаржыландыруға қатысты да сәйкессіздіктер анықталды.
«Тасқала» өткізу пунктінің бекітілген сметалық құны 19,72 млрд теңге. Бұған дейін нысанға 3 млрд теңге бөлінген, ал 2027 жылға тағы 18,91 млрд теңге қарастырылған. Осылайша жалпы қаржыландыру көлемі 21,91 млрд теңгеге жетіп, бекітілген сметадан 2,19 млрд теңгеге асып отыр.
«Сырым» өткізу пунктінің құны 22,19 млрд теңге. Бұған дейін бөлінген 19,09 млрд теңгеге 2027 жылы жоспарланған 3,15 млрд теңгені қосқанда, жалпы қаржыландыру көлемі сметадан шамамен 53,8 млн теңгеге артық болады.
ЖАП шекара инфрақұрылымына жұмсалатын қаражатты жоспарлаудағы мұндай мәселелердің бұрын да болғанын атап өтті. 2025 жылы «Қарасу», «Сырым» және «Жана жол» өткізу пункттерін қаржыландыру 27,3 млрд теңгеден 3,1 млрд теңгеге дейін қысқартылған. Сонымен қатар басқа сегіз өткізу пункті бойынша 43,1 млрд теңге игерілмей қалған.
14 жобаның құны 65,7 млрд теңгеге өскен
ЖАП бұдан бөлек, жоспарланған 14 жобаның құны өзгергенін анықтады. Олардың жалпы қымбаттау көлемі 65,68 млрд теңгені құрады.
Ең ірі өсім Алматы облысындағы үш суару желісін реконструкциялау жобасына тиесілі — олардың құны 42,57 млрд теңгеге артқан.
Бозоқ қалашығы аумағындағы ұлттық парк қоршауының құрылысы 10,31 млрд теңгеге қымбаттаған. Екі өзен жағасын нығайту жобасының құны 8,2 млрд теңгеге, ал алты әскери қалашық пен казарма құрылысының құны 4,38 млрд теңгеге өскен. Жерді қашықтан зондтаудың спутниктік жүйесі жобасы тағы 1,51 млрд теңгеге қымбаттаған.
Сонымен бірге Астанадағы Ұлттық ғылыми орталықтың екінші кезегін салу жобасының құны 1,3 млрд теңгеге қысқарған.
Аудит барысында кейбір мәселелер түзетілді
Тексеру кезінде Үкімет анықталған кейбір кемшіліктерді жойған. Атап айтқанда, жалпы құны 15,1 млрд теңге болатын гидротехникалық инфрақұрылымның төрт жобасы мемлекеттік инвестициялық жобалар портфеліне енгізілді.
Алайда ЖАП басқа мәселелердің әлі де сақталып отырғанын атап өтті. Жобалардың мәртебесінің нақтыланбауы, ЖСҚ мерзімінің аяқталуы және сметалық құнның өзгеруі бюджет орындалған кезде жобалардың мерзімдерін, жұмыс көлемін және қажетті қаржыландыру мөлшерін қайта қарауға алып келуі мүмкін.





