31 мамырда «LOT Polish Airlines» поляк әуе компаниясы Алматы-Варшава бағытында тікелей тұрақты рейстерді іске қосты. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев мәлімдеді.
Жаңа рейс жазғы маусымда аптасына 4 рет, ал қысқы маусымда — аптасына 3 рет орындалады деп жоспарланып отыр.
— Қазір де LOT әуе компаниясы Варшава-Астана бағыты бойынша тұрақты рейстерді орындап жүр. Алматыға жаңа бағыттың ашылуы Қазақстан мен Польша арасындағы көлік-логистикалық байланыстарды кеңейтудегі маңызды қадам болмақ, — деді Ерлан Жетібаев Астанада өткен апталық брифингте.
Сондай-ақ биыл 31 шілдеден бастап «SunExpress» әуе компаниясы Измир — Алматы — Измир бағытында тікелей рейстерді іске қосады. Рейстер 2026 жылғы қазан айының соңына дейін аптасына екі рет ұшырылады.
Ал ертең, 2 маусымнан бастап «Air Astana» Астана-Ларнака бағыты бойынша тікелей рейстерді іске қосады. Бұл рейстер аптасына екі рет (сейсенбі, сенбі) орындалады.
Одан бөлек, 4 маусымнан бастап әуе компаниясы Алматы-Ларнака бағыты бойынша аптасына екі рет (бейсенбі, жексенбі) рейстерді іске қосады. Бұл ретте Қазақстан азаматтарына Кипрге кіру үшін виза рәсімдеу қажет.
— Жаңа рейстердің іске қосылуы сауда-экономикалық, инвестициялық, туристік және гуманитарлық байланыстарды нығайтуға, іскерлік қатынастарды дамытуға, сондай-ақ азаматтарға қосымша мүмкіндіктер жасауға ықпал етеді. ҚР Сыртқы істер министрлігі шетелдік мекемелермен, уәкілетті мемлекеттік органдармен және шетелдік серіктестермен өзара іс-қимыл шеңберінде халықаралық әуе қатынасының географиясын кеңейту, көлік-логистикалық байланыстылықты арттыру және азаматтардың іскерлік әрі туристік ұтқырлығы үшін қолайлы жағдай жасау бағытында тұрақты әрі кешенді жұмыс жүргізуде, — деді Ерлан Жетібаев.





