Түркістан облысының Жетісай ауданында пластик қалдықтарын қайта өңдеп, пластик ыдыстарын өндіретін заманауи зауыттың құрылысы жүріп жатыр. «KAZ INVA» ЖШС жүзеге асырып жатқан жобаның инвестициялық құны 2 млрд теңгені құрайды. Құрылыс-монтаж жұмыстары биылғы желтоқсан айында аяқталады деп жоспарланған.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жұмыс сапары барысында нысанның құрылысымен танысып, жобаны сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
«Өңір үшін жаңа өндіріс орындарын ашу, терең өңдеуді дамыту және импортқа тәуелділікті азайту – басты басымдықтардың бірі. Мұндай жобалар экологияны жақсартып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын құрып, өңір экономикасының дамуына серпін береді», – деді облыс әкімі.
Жаңа кәсіпорында пластик қалдықтары қайта өңделіп, ауыл шаруашылығы мен өндіріс саласына қажетті пластик өнімдері шығарылатын болады. Зауытта 70 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, жылына 10 миллион дана өнім өндіру жоспарланған.
Жетісайдағы 59 гектарлық индустриялық аймақта жалпы құны 30,3 млрд теңге болатын 5 өндірістік жоба жүзеге асырылуда. Оның екеуі пайдалануға берілсе, тағы үшеуінің құрылысы жалғасуда. Барлық жобалар толық іске қосылған кезде 1000-ға жуық жаңа жұмыс орны ашылады.
Өңірде өндірісті дамыту мақсатында инвесторларға дайын инфрақұрылым ұсынылып келеді. Қазіргі таңда Түркістан облысында «Turan» арнайы экономикалық аймағы, 21 индустриялық аймақ және барлық аудан-қалаларда шағын өнеркәсіптік парктер жұмыс істейді.





