
Түркістан облысы Ордабасы ауданының индустриялық аймағында «Бадам» өндірістік паркін салу басталды, деп хабарлады облыс әкімдігі.
Кешеннің жалпы аумағы 8 гектарды құрайды. Осы жерде бес өндіріс ошағын ашу жоспарланған.
Сонымен қатар, Шұбар, Шұбарсу және Темірлан ауылдарында да осындай өндірістік парктерді іске қосу көзделіп отыр. Кәсіпкерлерге инфрақұрылымы тартылған жер телімдері ұсынылады.
Облыс әкімі Нұралыхан Күшеров бұл бастама алғаш рет Түркістан қаласында 100 гектарлық алаңда іске қосылған «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасының жалғасы екенін атап өтті.
«Өндірістік парктерді құру – өңірдің шикізаттық емес секторын дамытуға серпін береді. Мыңдаған жаңа жұмыс орны ашылады. “Түркістанда жасалған” деген брендпен шығатын өнімдер әлемдік нарыққа жол табады», – делінген әкімдік хабарламасында.
🏗 Инвестициялық жобалар
Сапар барысында облыс басшысы «Central Asia Aluminum Company» ЖШС жүзеге асырып жатқан алюминий профильдерін өндіру жобасымен танысты. Бұл жоба Бадам ауылындағы индустриялық аймақта орналасқан және өңірдегі ірі инвестициялық бастамалардың бірі саналады.
-
Жобаның құны – 4,4 млрд теңге
-
Тұрақты жұмыспен қамтылатындар саны – 200 адам
-
Жылдық өндірістік қуаты – 20 мың тонна алюминий профилі
🌿 Агроөнеркәсіп және балық шаруашылығы
Сондай-ақ, әкімдік Түркістан облысында Қазақстандағы жылыжайлардың 70%-ы шоғырланғанын, олардың көлемі жыл сайын артып келе жатқанын мәлімдеді.
Өңір басшысы көтерме-тарату орталығын құруда халықаралық тәжірибені зерделеуді тапсырды.
Бұдан бөлек, балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер саны 16-ға жетті. Былтыр төрт кәсіпкер жеке қаражаттарына балық өсіретін шаруашылықтар ашты.
📎 Дереккөз: Kapital.kz