Бізге жазылыңыз:

Танымал дәрілер қымбаттай ма, әлде арзандай ма? Жаңа есептеу жүйесі енгізілмек

Танымал дәрілер қымбаттай ма, әлде арзандай ма? Жаңа есептеу жүйесі енгізілмек

Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі генерикалық және биоаналогтық препараттардың шекті бағасын белгілеу тәртібін қайта қарауды жоспарлап отыр. Бұл өзгерістер дәрілік заттардың бағасын мемлекеттік реттеу ережелеріне енгізілмек.

Қазіргі қолданыстағы жүйе бойынша мемлекет генериктер мен биоаналогтардың бағасын түпнұсқа дәрі құнына сүйене отырып анықтайды. Генерикалық препараттар түпнұсқадан кемінде 30%-ға арзан, ал биоаналогтар 10%-ға төмен болуы тиіс.

Жаңа ұсыныс бойынша есептеу әдістемесі өзгермек. Енді шекті баға түпнұсқа препараттың қазіргі құнына емес, оның патенттік қорғау мерзімі аяқталғанға дейінгі үш жыл ішіндегі орташа бағасына негізделіп есептелуі мүмкін. Дегенмен генериктер мен биоаналогтар арасындағы баға айырмасы сақталады.

Министрлік бұл ережелер елде тіркелген және нарықта айналымда жүрген барлық дәрілік препараттарға қатысты екенін атап өтті. Қазіргі уақытта тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында 2934 дәрілік атау бойынша шекті баға бекітілген.

Ведомство әзірге жаңа механизмнің нақты қандай препараттарға әсер ететіні және қанша дәріні қамтитыны жөнінде ақпарат берген жоқ. Сондай-ақ баға өзгерісінің ықтимал салдары да нақтыланбаған.

Министрліктің айтуынша, дәрі-дәрмек құнына бірнеше фактор ықпал етеді, олардың ішінде түпнұсқа препараттың бағасы, валюта бағамдарының ауытқуы, нарықтық жағдай және өндіріс географиясы бар.

Жаңа тәсілдің мақсаты — баға реттеу жүйесін икемдірек ету. Сонымен қатар патент мерзімі аяқталғаннан кейін генериктер мен биоаналогтарға шекті баға белгілеу нарықтағы бәсекелестікті күшейтіп, дәрілік өнімдердің қолжетімділігін арттыруға және жалпы шығындардың өсуін тежеуге ықпал етуі мүмкін.

Бұдан бөлек, Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмек бағасын реттеу саласындағы реформалар жалғасып жатқанын хабарлады.

«2024 жылы Жоғары аудиторлық палата мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет министрлік пен оның ведомстволық ұйымдарының 2022–2023 жылдардағы қызметіне сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізді. Антикоррупциялық қызметпен келісу негізінде 2024 жылдың сәуірінде анықталған тәуекелдердің себептері мен шарттарын жоюға арналған жол картасы бекітілді. Қазіргі уақытта дәрілік заттарды сараптау, олардың бағасын тіркеу және Қазақстанның ұлттық формулярына енгізу қызметтерін біріктіретін композиттік мемлекеттік қызметті дамытуға бағытталған өзгерістерді «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске енгізу қарастырылып жатыр», — деп мәлімдеді Денсаулық сақтау министрлігі.

Ұқсас материалдар