Solidcore Resources 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы өндірістік және қаржылық нәтижелерін жариялады. Алты айда компания 210 мың унция алтын өндіріп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көрсеткішті 71%-ға арттырды. Алтын сатылымы да екі есеге жуық өсіп, 205 мың унцияға жетті.
Қаңтар–маусым аралығында компанияның кірісі 325 млн доллардан 972 млн долларға дейін өсіп, шамамен үш есеге артты. Тек екінші тоқсандағы кіріс 369 млн долларды құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 71%-ға көбейді. Компания мұндай нәтижені өндіріс пен сатылым көлемінің ұлғаюымен, сондай-ақ әлемдік нарықтағы алтын бағасының жоғары деңгейімен байланыстырады.
Өсімнің негізгі драйвері Қызыл кен орны болды. Мұнда алтын өндірісі 159%-ға артып, 122 мың унцияға жетті. Бұған Амур гидрометаллургиялық комбинатында концентратты қайта өңдеудің қайта жандануы және Қазақмыс өндірістік қуаттарында өңдеудің басталуы әсер етті. Сонымен қатар Варваринское кен орнында да оң динамика байқалып, алтын өндірісі кен құрамындағы алтын мөлшерінің артуы есебінен 17%-ға өсіп, 88 мың унцияны құрады.
Сонымен қатар мамыр айының соңында Ресейдегі алтын экспортына қатысты жаңа талаптарға байланысты Амур комбинатынан Доре қорытпасын жеткізу уақытша тоқтатылды. Бұл дайын өнім қорының жиналуына және компанияның ақша ағындарына қысым түсірді. Шілде айында жеткізілімдер қайта басталып, Solidcore алдағы айларда жиналған қорларды толық сатуды жоспарлап отыр.
Уақытша қиындықтарға қарамастан, компания 2026 жылға арналған өндірістік жоспарын өзгеріссіз қалдырып, оны 540 мың унция алтын эквиваленті деңгейінде сақтады.
Сонымен қатар Solidcore Павлодар облысындағы Ертіс гидрометаллургиялық комбинатының құрылысын жалғастыруда. Шілде айында жобаға 600 млн доллар көлемінде қаржы тартылды. Оның 300 млн долларын Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) бөлсе, қалған 300 млн долларды ING, Société Générale және Abu Dhabi Commercial Bank жетекшілік ететін халықаралық банк консорциумы қаржыландырды.
Компания сондай-ақ Сырымбет жобасы бойынша инвестициялық шешім қабылдауға дайындалып жатыр. Қазіргі уақытта техникалық-экономикалық негіздеме аяқталу сатысында, инженерлік ізденістердің 95%-ы орындалған. Жобаны толық ауқымда іске асыру туралы түпкілікті шешім 2026 жылдың қыркүйегінде қабылданады деп күтілуде.





