— Есіл өзені мен шағын өзендерде жарылыс жұмыстарын жүргізу үшін Петропавл қаласының әкімдігі және тағы жеті аудан 84 миллион теңге бөлді. Бұл мұз кептелістерінің алдын алып, судың еркін ағуын қамтамасыз етеді, — деді СҚО ТЖД Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы Әсет Шайкин брифингте.
Бұл елді мекендерді, инфрақұрылым нысандарын және ауыл шаруашылығы алқаптарын су басу қаупін азайтуға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта мұзды жару жұмыстары Қызылжар ауданы және Петропавл қаласы аумағындағы Есіл өзенінде жүргізіліп жатыр.
«Қазгидромет» кәсіпорнының облыстық филиалы наурыз айынан бастап өңірдегі өзендердің жағдайына байланысты күнделікті гидрологиялық бюллетень әзірлеп жатыр. Оған 27 гидрологиялық бекеттің көрсеткіштері енгізілген. Әзірге өзендер мұз құрсауында жатыр. Ақанбұрлық, Шарлық өзендерінде мұз қалыңдығы 80-88 см шамасында. Шағалалы өзені түбіне дейін қатып, мұз қалыңдығы 94 см жеткен. Есіл өзенінде мұз құрсау 82-51 см аралығында алып жатыр.





