Өскемен жылу электр орталығында жаңа энергоблоктың құрылысы басталды. Жоба қаланың өсіп келе жатқан жылу және электр энергиясына сұранысын қамтамасыз етуге бағытталған.
Өскемен ЖЭО бүгінде қаланың орталықтандырылған жылумен қамту қажеттілігінің шамамен 85%-ын өтейді. Жаңа тұрғын аудандар мен әлеуметтік нысандардың, сондай-ақ өнеркәсіптің дамуына байланысты қосымша қуатқа қажеттілік артып отыр.
Жоба аяқталғаннан кейін станцияның жылу қуаты 130 Гкал/сағ, ал электр қуаты 100 МВт ұлғаяды. Құрылысты 2030 жылға дейін аяқтау жоспарланған. Бұл шамамен 300 тұрғын үй мен әлеуметтік нысанды жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Жаңа энергоблок қала тұрғындарын жылу және электр энергиясымен қамтамасыз етеді. Бұл Өскеменнің одан әрі дамуы үшін қажетті қуат резервін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жоба жаңа жұмыс орындарын құрады», – деді Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов.
Жобада заманауи технологиялар мен шығарындыларды тазарту жүйелерін қолдану қарастырылған. Бұл энергия өндіру тиімділігін арттырып, қоршаған ортаға әсерді азайтуға мүмкіндік береді.
Жобаны «Қазақстан коммуналдық жүйелері» тобына кіретін «Өскемен ЖЭО» ЖШС Еуразиялық даму банкі мен Halyk Bank қатысуымен жүзеге асырады. Жаңа энергоблок іске қосылғаннан кейін шамамен 50 жаңа жұмыс орны ашылады.