Семейде жаңа автокөлік көпірінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жоба қаладағы көлік қатынасын жақсартып, қолданыстағы өткелдерге түсетін жүктемені азайтуға бағытталған.
Қазіргі уақытта көпірдің тоғыз тірегінің сегізі тұрғызылды. Сонымен қатар аралық құрылым блоктары мен ортотропты плиталарды монтаждау, сондай-ақ конструкциялардың түйіспелерін дәнекерлеу жұмыстары атқарылып жатыр.
Жоба бойынша жоспарланған 9 020 тонна металл конструкцияның 6 031 тоннасы орнатылды.
Көпірге апаратын жолдарда да құрылыс жұмыстары жалғасуда. Шәкәрім көшесінде ірі түйіршікті асфальтбетон төселіп бітсе, Тәңірбергенов көшесінде жер жұмыстары мен инженерлік желілерді қайта орналастыру жүргізілуде.
Жаңа көпірдің жалпы ұзындығы 1 350 метрді құрайды. Оның 810 метрі аралық құрылысқа, ал 540 метрі кірме жолдарға тиесілі. Көпірдің ені 23 метр болады.
Нысанды 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Құрылыс аяқталғаннан кейін жаңа өткел қала аудандары арасындағы байланысты жақсартып, оның ішінде жүк көліктерінің қозғалысын жеңілдетуге мүмкіндік береді.