Сауда министрлігі: әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының өсімі төмендеді
Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсу қарқыны өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай баяулаған. 18 маусымдағы жағдай бойынша бұл көрсеткіш 7,3%-дан 1,8%-ға дейін төмендеген.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитетінің төрағасы Ернұр Жаутықбаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, елдегі азық-түлік инфляциясы қатарынан бесінші ай баяулап келеді. Егер 2024 жылдың желтоқсанында жылдық азық-түлік инфляциясы 13,5% болса, 2025 жылдың мамыр айында 10,7%-ға дейін төмендеген.
Сонымен қатар мамыр айында азық-түлік тауарлары бағасының айлық өсімі 0,4%-ды құрап, азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен ақылы қызметтердің баға өсімінен төмен болды.
Бағаны тұрақтандыру мақсатында Үкімет инфляцияны тежеуге бағытталған 93 іс-шарадан тұратын кешенді жоспарды іске асырып жатыр.
«Еуразиялық экономикалық одақ елдеріндегі баға динамикасы, әлемдік нарықтағы жағдай, сыртқы саудадағы өзгерістер мен логистикалық факторлар тұрақты түрде талданып, алдын алу шаралары қабылдануда», – деді Ернұр Жаутықбаев.
Оның мәліметінше, мемлекеттік бақылау да күшейтілген. Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына рұқсат етілген сауда үстемесін асырғаны үшін 2 247 әкімшілік қаулы шығарылып, құқық бұзушыларға жалпы сомасы 63 млн теңгеден астам айыппұл салынған.
Бұдан бөлек, өңірлік комиссиялар өнімсіз делдалдықтың және сауда үстемесін заңсыз арттырудың 2 070 фактісін анықтаған.
Министрлік электрондық шот-фактураларды талдау арқылы баға белгілеу саласындағы заңбұзушылық тәуекелдерін анықтау жұмыстарын жалғастырып жатқанын мәлімдеді.





