Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Аудит департаменті берешекпен жұмыс басқармасының басшысы Қайсар Арын жаңа 2026 жылдың бірінші қаңтарынан бастап салық берешегін өндіріп алудың тәртібі қалай өзгергенін айтты. — Салық берешегі бар екені туралы хабарлама жіберу тәртібі өзгерді. Егер салық берешегінің сомасы 20 айлық есептік көрсеткішке (86 500 теңгеге) дейін болса, ешқандай шара қолданбай, тек өсімпұл есептеп, хабарлама жіберумен шектелеміз. Ол хабарламада салық төлеушінің қанша берешегі бар екені көрсетіледі. Ал салық берешегінің сомасы 20 АЕК-тен асса, салық органы хабарламаның басқа түрін жібереді. Бұл хабарламада мемлекеттік кірістер органдары қолданатын жұмыстардың толық циклі қарастырылған. Басқаша айтсақ, өсімпұл есептеліп, шығыс операциялары бұғатталады, инкассалық өкімхат арқылы өндіріп алу (борышкердің шотындағы ақшадан берешекті мәжбүрлеп өндіру) шаралары қабылданады, — деді ол.
Бұл шаралар салық берешегінің сомасы 20 АЕК-тен 45 АЕК-ке (194 625 теңгеге) дейін болғанда қолданылады.
— Ал салық берешегі 45 АЕК-тен асса, өндіріп алудың барлық түрі қолданылады. Әрі қарай дебитордың шотынан берешек өндіріп алынуы мүмкін. Мүлікті тізімдеу актісі толтырып, кейін қарызды өндіру үшін сатылады. Тіпті сот шешімімен салық төлеушіні банкрот деп тану шарасы да қарастырылған.
Егер салық төлеуші хабарламаны жеке кабинетінен көргені электронды цифрлық қолтаңба арқылы кіру фактісі бойынша дәлелденеді. Ал ондай дәлел болмаған жағдайда хабарлама пошта арқылы, курьерлік қызмет арқылы қағаз күйінде жеткізіледі, — деді Қайсар Арын.
Салық органының өкілі бұл тәртіп 2026 жылдың 1 қаңтарына жеткен және 2026 жылдың ішінде төленген салық берешегіне қатысты екенін еске салды.





