Бүгін Сенаттың жалпы отырысында 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның есептері қаралады. Сонымен қатар депутаттар экология мен экономиканың жекелеген салаларын жетілдіруге бағытталған заң жобасын талқылайды.
Бюджеттің орындалуы туралы есептер бұған дейін Мәжілісте қаралған болатын. Сол кезде Қаржы министрі Мәди Тәкиев республикалық бюджеттің атқарылуы бойынша негізгі көрсеткіштерді таныстырса, Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов бюджет қаражатын пайдалану барысында анықталған жүйелі мәселелер мен кемшіліктерге назар аударған еді.
Сенат қарауына ұсынылған негізгі құжаттардың бірі – экология және экономиканың бірқатар салаларын жаңғыртуға арналған заң. Құжат экологиялық реттеуді цифрландыруды, қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіруді, көміртекті офсеттер нарығын дамытуды, өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелерін іске асыруды және ұлттық гидрометеорологиялық қызметтің жұмысын жетілдіруді көздейді.
Заң жобасында мемлекеттік экологиялық сараптама мен қоғамдық тыңдаулар өткізу рәсімдерін нақтылау қарастырылған. Сонымен қатар инвестициялық жобалар мен көмірсутектерді барлау жобалары бойынша экологиялық рұқсаттар алу мерзімдерін қысқарту ұсынылады. Бұл өзгерістер теңіздегі барлау жұмыстарынан басқа жобаларға қатысты болмақ.
Құжат аясында көмірсутектерді барлау, сондай-ақ газ, мұнай және мұнай өнімдерін магистральдық құбырлар арқылы тасымалдау қызметтерінің экологиялық санаты қайта қаралып, олар I санаттан II санаттағы объектілер қатарына ауыстырылады. Бұл ретте заңнамалық өзгерістер инвестициялық жобаларды іске асыру рәсімдерін жеңілдетуге бағытталған.





