Ресей Президенті Владимир Путин Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен өткен кездесуде екіжақты қарым-қатынастың тұрақты дамып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан мен Ресей халықаралық аренада, сондай-ақ өңірлік ұйымдар аясында өзара іс-қимылды белсенді түрде жалғастырып келеді.
Ресей көшбасшысы биылғы жылы Ресей Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ), ал Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) төрағалық етіп отырғанын еске салып, бұл екі елдің өңірлік интеграция мен қауіпсіздік мәселелеріндегі үйлесімді жұмысын көрсететінін айтты.
Кездесу барысында Владимир Путин Қазақстан мен Ресей халықтарын байланыстыратын ортақ тарихи мұраға да ерекше тоқталды.
«Бүгін госпитальге арнайы барғаныңызды білемін. Омбы Сіз үшін Ресейдің қатардағы қаласы емес. Бұл жерде Сіздің әкеңіз 1945 жылы қыста ауыр жарақаттан кейін ем-дом алған. Біз Ұлы Отан соғысы мен халқымыздың нацизмді жеңуге қосқан үлесін әрдайым есте сақтаймыз. Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сізбен жүздескенімізге қуаныштымыз», – деді Владимир Путин.
Мемлекет басшылары келіссөз барысында сауда-экономикалық ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен оны одан әрі дамыту перспективаларын жан-жақты талқылады. Атап айтқанда, энергетика, көлік-логистика, ғарыш, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыру мәселелеріне назар аударылды.
Тараптар инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, жаңа өндірістік жобаларды жүзеге асыру және өңіраралық байланыстарды нығайту бағытындағы жұмысты жалғастыруға мүдделі екенін растады.
Сонымен қатар Президенттер халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық әріптестік пен одақтастық қатынастарды одан әрі дамытуға дайын екендерін білдірді.





