Бізге жазылыңыз:

Павлодарда жоғары технологиялық гидрометаллургиялық комбинат салынады

Павлодарда жоғары технологиялық гидрометаллургиялық комбинат салынады

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-пленарлық отырысы аясында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) президенті Одиль Рено-Бассомен кездесті.

Тараптар өнеркәсіп, құрылыс, өңірлік инфрақұрылым және инвестициялық жобаларды дамыту бағытындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Кездесуде Қазақстан мен ЕҚДБ арасындағы әріптестікті кеңейту және экономиканың тұрақты дамуына ықпал ететін жаңа бастамаларды іске асыруға ерекше назар аударылды.

Кездесу қорытындысында Ерсайын Нағаспаевтың қатысуымен ЕҚДБ мен Solidcore Resources компаниясы арасында Ертіс гидрометаллургиялық комбинатын (ЕГМК) салуды қаржыландыру жөніндегі 300 млн АҚШ долларына келісім жасалды. Сонымен қатар жобаға ING жетекшілік ететін халықаралық коммерциялық банктер синдикаты тарапынан тағы 300 млн доллар көлемінде қаржы тартылды.

Жоба аясында «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында Қазақстандағы алғашқы жоғары технологиялық толық циклді гидрометаллургиялық зауыт іске қосылады. Кәсіпорын құрамында алтыны бар күрделі концентраттарды қысыммен тотықтыру технологиясы арқылы өңдеуге маманданады.

Жаңа өндіріс орнының жобалық қуаты жылына 300 мың тоннаға дейін алтын құрамды концентратты өңдеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ зауыт жыл сайын доре қорытпасы түрінде 500 мың унцияға дейін алтын өндіре алады.

Жобаның әлеуметтік-экономикалық маңызы да жоғары. Комбинат іске қосылғаннан кейін өңірде шамамен 500 тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

«Павлодар» арнайы экономикалық аймағында Қазақстандағы алғашқы жоғары технологиялық толық циклді гидрометаллургиялық зауыт іске қосылады.

Жаңа өндіріс еліміздің металлургия саласындағы технологиялық деңгейін арттырып, алтын өндіру және өңдеу бағытындағы экспорттық әлеуетті күшейтуге мүмкіндік береді.

Ұқсас материалдар