Қазақстанда отбасылардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын бағалау үшін Отбасының цифрлық картасы (ОЦК) қолданылады. Қазір жүйеде 6,2 млн отбасын қамтитын 20,6 млн азамат туралы мәлімет жинақталған.
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс істейтін жүйе әр отбасының цифрлық бейінін қалыптастырып, оның әл-ауқат деңгейін анықтауға мүмкіндік береді. Жиналған ақпарат негізінде азаматтарға мемлекеттік қолдау шараларын алдын ала ұсынуға болады.
Отбасының әл-ауқаты қандай көрсеткіштер бойынша бағаланады?
Отбасының әлеуметтік әл-ауқатын бағалау әдістемесі халықаралық тәсілдер негізінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасымен бірлесіп әзірленген.
Кешенді бағалау 59 көрсеткіш пен 8 негізгі бағытты қамтиды. Атап айтқанда:
-
қаржылық жағдайы;
-
мүлкі мен активтері;
-
тұрғын үй жағдайы;
-
жеңіл және коммерциялық көлігінің болуы;
-
жер учаскесі мен жеке қосалқы шаруашылығының болуы;
-
жұмыспен қамтылуы;
-
несиелері мен мерзімі өткен берешегі;
-
кәсіпкерлік қызметі.
Осы мәліметтердің жиынтығы негізінде әр отбасы бес санаттың біріне жатқызылады:
-
А санаты — әл-ауқат деңгейі жоғары;
-
В санаты — ауқатты;
-
С санаты — әл-ауқаты қанағаттанарлық;
-
D санаты — экономикалық тұрғыдан осал;
-
Е санаты — экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан осал.
Отбасының санаты тек табыс мөлшеріне немесе белгілі бір мүліктің болуына қарап анықталмайды. Бағалау кезінде оның әлеуметтік-экономикалық жағдайын сипаттайтын барлық мәлімет ескеріледі.
Қандай отбасылар А санатына жатады?
Мысалы, әл-ауқаты жоғары отбасыларды анықтау өлшемдерінің бірі — отбасының әр мүшесіне шаққандағы табыстың күнкөріс деңгейінің жеті есесіне тең немесе одан жоғары болуы. Бұл шамамен 350 мың теңге және одан көп соманы құрайды.
Сонымен қатар отбасының әр мүшесіне шаққанда шартты түрде 120 шаршы метрден келетін бірнеше тұрғын үйінің болуы, коммерциялық жылжымайтын мүлкі, жеке бизнесі және қымбат автокөліктері сияқты факторлар да ескеріледі.
Алайда бір ғана көрсеткіш отбасының санатын автоматты түрде анықтамайды. Қорытынды шешім барлық мәліметті кешенді бағалау нәтижесінде шығарылады.
Отбасының әл-ауқаты қаншалықты жиі қайта есептеледі?
Отбасының құрамы мен әлеуметтік әл-ауқат деңгейі ай сайын қайта есептеледі. Бұл жүйедегі мәліметтерді өзекті күйде сақтауға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі деректер автоматты түрде жаңартылып отырады. Егер отбасының табысы өзгерсе, мүлкі сатылса немесе жаңадан сатып алынса, отбасы мүшелерінің саны өзгерсе, оның әлеуметтік-экономикалық жағдайы қайта бағаланады.
Сондықтан Отбасының цифрлық картасында белгіленген санат ұзақ мерзімге өзгеріссіз бекітілмейді.
Егер отбасының санаты қате анықталса, не істеу керек?
Егер азамат отбасының құрамы немесе әл-ауқат санаты дұрыс анықталмаған деп есептесе, тұрғылықты жері бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің департаментіне немесе әкімдіктің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасына жүгіне алады.
Мамандар жүйедегі мәліметтерді тексеріп, сәйкессіздіктің себебін анықтауға көмектеседі.
Қате ақпарат бастапқы дереккөзде түзетілгеннен кейін, ол Отбасының цифрлық картасында автоматты түрде жаңартылады. Отбасының санаты келесі бағалау кезінде қайта анықталады.
Бұл үшін қайта өтініш берудің қажеті жоқ.
Цифрлық карта мемлекеттік қолдауды қалай жетілдіреді?
Отбасының әл-ауқатын ескеру мемлекеттік қолдаудың жекелеген түрлерін тағайындау кезінде азаматтардың нақты әлеуметтік-экономикалық жағдайын бағалауға мүмкіндік береді.
Жүйе арқылы мемлекет отбасылардың жағдайындағы өзгерістерді дер кезінде анықтап, азаматтарға қолжетімді қолдау шаралары туралы алдын ала хабарлай алады.
Осылайша, Отбасының цифрлық картасы әлеуметтік көмектің атаулылығын арттыруға және мемлекеттік қолдауды нақты мұқтаж отбасыларға бағыттауға арналған құрал болып саналады.
Дереккөз: Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.





