Қазақстанның ішкі нарығын табиғи газбен қамтамасыз ету қалыпты режимде жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы Энергетика министрлігі Ресейдегі Орынбор газ өңдеу зауытына қатысты тараған ақпаратқа байланысты мәлімдеді.
Бұған дейін бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде аталған кәсіпорын жұмысының іркілістері Қазақстанға газ жеткізу көлеміне әсер етуі мүмкін деген болжамдар айтылған болатын.
Алайда министрлік бұл ақпараттардың ішкі нарықтағы жағдайға ықпал етпегенін хабарлады. Ведомство өкілдерінің айтуынша, газ жеткізу тізбегіндегі ықтимал тәуекелдердің алдын алу үшін қажетті шаралар дер кезінде қабылданған.
Энергетика министрлігінің ресми өкілі Әсел Серікпаеваның сөзінше, диспетчерлік қызметтер логистикалық бағыттарды жедел қайта ұйымдастырып, қарсы бағыттағы газ көлемдерін баламалы маршруттар арқылы жеткізуді қамтамасыз еткен.
«Оқиға отандық тұтынушыларды тауарлық газбен тұрақты қамтамасыз етуге әсер еткен жоқ. Қажетті көлемдер өзге көздер есебінен толық жабылып отыр», – деді министрлік өкілі.
Ведомство мәліметінше, еліміздің газ инфрақұрылымы штаттық режимде жұмыс істеуде. Барлық өңірлер энергия ресурстарымен толық қамтамасыз етілген.
Министрлік пен ұлттық оператор жағдайды тұрақты бақылауда ұстап отыр. Қазіргі уақытта халық пен кәсіпорындарды газбен қамтамасыз етуге қатысты қандай да бір қауіп немесе шектеу жоқ.





