Бізге жазылыңыз:

Орталық Азияның энергожүйесін жаңғыртуда өңірлік ынтымақтастық күшейіп келеді

Орталық Азияның энергожүйесін жаңғыртуда өңірлік ынтымақтастық күшейіп келеді

Шымкентте жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) тарату электр желілеріне интеграциялау мәселелеріне арналған өңірлік тәжірибе алмасу бағдарламасы өтті. Оқытуға Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстаннан келген 45 маман қатысты. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Жаңартылатын энергия көздері департаментінің директоры Тұрар Әлімжан да қатысты.

Бағдарлама Германия үкіметінің тапсырмасымен GIZ ұйымы жүзеге асырып жатқан EU4Sustainable Central Asia: «Орталық Азиядағы жаңартылатын энергия көздері» (EURECA) өңірлік жобасы аясында ұйымдастырылды. Жоба Германияның Экономикалық ынтымақтастық және даму жөніндегі федералдық министрлігі (BMZ) тарапынан қаржыландырылып, Еуропалық одақтың Global Gateway стратегиясы шеңберінде бірлесіп қаржыландырылады.

Бағдарламаның негізгі мақсаты – жаңартылатын энергия көздерінің үлесі артып келе жатқан жағдайда энергетика саласы мамандарының біліктілігін арттыру және Орталық Азияның біртұтас энергожүйесінің сенімді әрі тұрақты жұмысын қамтамасыз ету бағытындағы өңірлік ынтымақтастықты нығайту.

Екі күндік оқыту барысында қатысушылар үлестірілген генерацияны интеграциялаудың заманауи тәсілдерін, нормативтік-құқықтық реттеуді, ЖЭК нысандарын желіге қосу талаптарын, тарату желілерін цифрландыруды, электр энергиясын интеллектуалды есепке алу жүйелерін, сондай-ақ электрмен жабдықтаудың сапасы мен сенімділігін қамтамасыз ету тетіктерін талқылады. Қазақстанның күн энергетикасын дамытудағы тәжірибесіне ерекше назар аударылды.

Бағдарламаның практикалық бөлігі аясында қатысушылар Оңтүстік Қазақстандағы күн энергетикасы нысандары мен тарату желілеріне барып, ЖЭК объектілерін қосу және пайдалану бойынша қолданыстағы шешімдермен танысты. Сонымен қатар олар энергетика саласына заманауи технологияларды енгізу тәжірибесімен алмасты.

«Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің бас директоры Махамбет Айдар компанияның жаңартылатын энергия көздерін тарату желілеріне интеграциялау тәжірибесін таныстырып, қолданылып жатқан техникалық шешімдер туралы айтып берді және әріптестердің сұрақтарына жауап берді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар мамандардың кәсіби құзыреттерін арттыруға, халықаралық озық тәжірибелерді енгізуге және Орталық Азия елдері арасындағы тұрақты энергетиканы дамыту саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді.

Ұқсас материалдар