Бізге жазылыңыз:

Онлайн-мониторинг 95,2 млрд теңгенің қаржылық заңбұзушылықтарын анықтады

Онлайн-мониторинг 95,2 млрд теңгенің қаржылық заңбұзушылықтарын анықтады

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитеті Онлайн бюджеттік мониторинг жүйесін дамытуды жалғастыруда. Бұл — бюджет төлемдерін қашықтан талдауға және қаражат аударылғаннан кейін бірден күмән тудыратын операцияларды анықтауға мүмкіндік беретін цифрлық жүйе.

Мониторингтің негізгі мақсаты — тексерулер санын көбейту емес, бюджет қаражатына қатысты тәуекелдерді дер кезінде анықтап, мемлекеттік органдарға заңбұзушылықтарды жедел жоюға көмектесу және бюджет шығындарының алдын алу.

Өткен жылдың соңында бюджет қаражаты белсенді игерілген кезеңде жүйе миллиондаған төлемді өңдеп, олардың ішінен ықтимал заңбұзушылық белгілері бар мыңға дейін жағдайды анықтады.

Жолданған хабарламалардан кейін мемлекеттік органдар тексеру шараларын күтпей-ақ, 1,5 млрд теңгеге қатысты заңбұзушылықтарды өздері жойды. Қалған материалдар бойынша жоспардан тыс аудиттер жүргізіліп, нәтижесінде 95,2 млрд теңгенің қаржылық заңбұзушылықтары анықталды. Қазіргі уақытта оның 58,3 млрд теңгесі немесе 61%-дан астамы қалпына келтірілді.

Қандай заңбұзушылықтар анықталды?

Ең жиі кездесетін заңбұзушылық — жеткізушілер міндеттемелерін іс жүзінде орындамағанына қарамастан, бюджет қаражатын аудару.

Атап айтқанда:

  • Түркістан облысында құрылысы әлі аяқталмаған тұрғын үй үшін 600 млн теңге төленген.

  • Алматыда автобустар нақты жеткізілмесе де, олардың құны ретінде 19 млрд теңге толық аударылған.

  • Қызылорда облысында іс жүзінде жеткізілмеген тауарлар үшін 1,2 млрд теңге төленген.

  • Солтүстік Қазақстан облысында орындалған жұмыстарды растайтын құжаттарсыз мердігер ұйымдарға 3,9 млрд теңге аударылған.

  • Атырау облысында толық орындалмаған жол жұмыстары үшін 1 млрд теңгеге жуық қаражат төленген.

Мониторинг негізсіз төлемдердің алдын алады

Екінші жартыжылдықтан бастап Комитеттің аумақтық департаменттері пилоттық режимде жекелеген төлемдерге ай сайын жедел мониторинг жүргізе бастады.

Алғашқы нәтижелердің бірі Солтүстік Қазақстан облысында тіркелді. Мұнда 2,8 млн теңгенің негізсіз төленуіне жол берілмеді. Мониторинг барысында кәсіпкердің қосылған құн салығын (ҚҚС) өтеуге өтініш бергені, алайда оның іс жүзінде ҚҚС төлеуші болмағаны және тиісті шығындарды көтермегені анықталды. Алдын алу шараларының нәтижесінде негізсіз төлем бюджетке қайтарылды.

Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Тәуекелдер басқармасының басшысы Олжас Нұқаевтың айтуынша, цифрлық құралдар мемлекеттік аудитті кейінгі бақылау тетігінен тәуекелдерді алдын ала анықтау жүйесіне айналдыруға мүмкіндік береді. Бұл аудиторларға күмәнді операцияларға дер кезінде назар аударып, жедел шара қабылдауға көмектеседі.

Онлайн бюджеттік мониторинг жүйесін кеңейту жұмыстары жалғасуда. Жаңа бағыттарды кезең-кезеңімен қосу мемлекеттік аудиттің тиімділігін арттырып, бюджет қаражатын ұтымды пайдалануға ықпал етеді.

Ұқсас материалдар