Бізге жазылыңыз:

Мобильді аударымдарды бақылау: 115 мың адам тексеру аясында қалды

Мобильді аударымдарды бақылау: 115 мың адам тексеру аясында қалды

2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша мобильді аударымдарға қатысты түсініктеме беру туралы хабарламаларды шамамен 115 мың қазақстандық алған. Бұл туралы Қаржы министрі Мәди Тәкиев Мәжіліс кулуарында мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, Мемлекеттік кірістер комитеті 10 екінші деңгейлі банктен алынған деректер негізінде талдау жүргізген. Нәтижесінде үш ай ішінде жалпы сомасы 1 млн теңгеден асатын 100-ден астам аударым қабылдаған азаматтар бақылауға алынған.

– Шамамен 114-115 мың адам осы критерийлерге сәйкес келді. Олардың шоттары арқылы өткен қаражат көлемі 1 трлн теңгеден асты, – деді Мәди Тәкиев.

Қаржы министрлігінің мәліметінше, ең ірі көлемдегі операциялар жеке тұлғалар арасында тіркелген. Бұл санаттағы шамамен 67 мың азаматтың мобильді аударымдары 670 млрд теңгені құраған.

Сонымен қатар түсініктеме беру туралы хабарламалар 7,8 мыңға жуық бейрезидентке де жолданған. Осыған байланысты ведомство қаржылық операцияларға бақылауды күшейтуді жоспарлап отыр. Министрдің сөзінше, шекарадан шығатын шетел азаматтарынан Қазақстан аумағындағы ақша қаражатының шығу тегі мен аударымдарына қатысты қосымша ақпарат сұралуы мүмкін.

Ең аз хабарлама жеке кәсіпкерлерге қатысты тіркелген. Бұл санат бойынша операциялар көлемі шамамен 200 млрд теңгені құраған.

Мәди Тәкиевтің айтуынша, жүргізіліп жатқан жұмыстардың негізгі мақсаты азаматтарды жауапкершілікке тарту емес, қаржы операцияларының сипатын нақтылау.

– Көп жағдайда хабарлама алғандардың арасында такси қызметімен айналысатын азаматтар мен курьерлер бар. Олар бұл қызметпен айналысқанын және тиісті талаптар туралы білмегенін айтып түсініктеме беруде, – деді министр.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, мобильді аударымдарды бақылау көлеңкелі кәсіпкерлік қызметті анықтауға және қаржы операцияларының ашықтығын арттыруға бағытталған.

Ұқсас материалдар