30 маусымда Астанада ҚР Энергетика вице-министрі Құдайберген Тутқышбаевтың төрағалығымен Мұнай-газ, мұнай өңдеу және мұнай-газ химиясы салаларындағы әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі салалық комиссияның кезекті отырысы өтті.
Жиынға мұнай-газ саласының кәсіподақ ұйымдары, «KAZENERGY», «PETROMINING» қауымдастықтарының, сондай-ақ Мұнай-газ химиясы өнімдерін өндірушілер мен тұтынушылар қауымдастығының және салалық жұмыс берушілердің өкілдері қатысты.
Отырыста мұнай-газ, мұнай өңдеу және мұнай-газ химиясы салаларындағы әлеуметтік-еңбек қатынастары саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асырудың өзекті мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, 2026 жылға арналған салалық комиссия құрамына өзгерістер енгізілді.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің өкілдері баяндама жасап, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Маңғыстау облыстарындағы жағдай туралы ақпарат ұсынды. Сондай-ақ Маңғыстау облысы әкімдігінің өкілдері өңірдегі әлеуметтік-еңбек ахуалы жөнінде есеп берді.
Баяндамалар барысында еңбек жанжалдарының алдын алу, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және мұнай-газ саласындағы өндірістік жарақаттану деңгейін төмендету бағытында ағымдағы жылдың алғашқы алты айында атқарылған жұмыстар туралы мәліметтер айтылды.
Отырыс барысында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның әлеуметтік әріптестікті нығайту, еңбек дауларының алдын алу, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өндірістік жарақаттануды азайту бағытындағы жұмысына ерекше назар аударылды. Компанияның Ақтау қаласындағы өкілдігінің осы бағыттағы қызметінің нәтижелері де қаралды.
Сонымен қатар, «QazaqGaz» ҰК» АҚ өкілдері өндірістік нысандардағы әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларды жақсарту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады. Компания тарапынан әлеуметтік шиеленісті төмендету және еңбек жанжалдарының алдын алу мақсатында іске асырылып жатқан жұмыстар таныстырылды.
Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар мұнай-газ саласындағы әлеуметтік тұрақтылықты сақтау, еңбек қауіпсіздігін арттыру және әлеуметтік әріптестікті одан әрі дамыту бағытындағы жұмысты жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.





