Астанада өткен кеңесте медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналымын мемлекеттік бақылау, сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бағытындағы комитет жұмысының нәтижелері жан-жақты талқыланды. Жиынға ҚР Президенті Әкімшілігінің өкілдері, Комитет басшылығы және құрылымдық бөлімшелердің жетекшілері қатысты.
Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіпов ведомствоның қазіргі қызметі, негізгі жетістіктері және мемлекеттік бақылау жүйесін жаңғырту шаралары туралы баяндады.
Кеңесте медициналық қызметтердің сапасын арттыру, профилактикалық бақылауды жетілдіру және цифрлық құралдарды енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Осы бағытта Комитет тәуекелге бағдарланған бақылау тетіктерін кезең-кезеңімен дамытып келеді. Бұл ықтимал бұзушылықтарды дер кезінде анықтап, олардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Цифрландыру негізгі даму бағыттарының бірі ретінде белгіленді. Ведомстволық ақпараттық жүйеде медициналық ұйымдардың тәуекел көрсеткіштерін автоматты түрде талдайтын жүйе іске қосылып, олардың қызметін бақылау үдерісі жедел әрі ашық бола түсті.
Сондай-ақ қатысушылар фармацевтикалық нарықты реттеу, дәрілік заттардың сапасын бақылау, клиникаларды аккредиттеу рәсімдерін жетілдіру және мемлекеттік қызметтердің тиімділігін арттыру мәселелерін талқылады.
Кеңес қорытындысы бойынша Комитеттің алдағы кезеңдегі басым міндеттері айқындалды. Олар медициналық көмектің қауіпсіздігін күшейтуге, заманауи бақылау тетіктерін енгізуге және денсаулық сақтау жүйесін кешенді дамытуға бағытталған.





