Бізге жазылыңыз:

Мақтааралда жылына 50 мың тонна мақта өңдейтін зауыт іске қосылады

Мақтааралда жылына 50 мың тонна мақта өңдейтін зауыт іске қосылады

Түркістан облысының Мақтаарал ауданында мақта шикізатын терең өңдеуге бағытталған жаңа өндіріс іске қосылуға дайындалып жатыр. Игілік елді мекенінде салынып жатқан «Хамро ата» ЖШС зауытына 1 млрд теңге инвестиция салынған.

Қазіргі таңда кәсіпорындағы құрылыс-монтаж жұмыстарының 80%-ы аяқталды. Қажетті құрал-жабдықтар жеткізіліп, өндірістік желілерді орнату жұмыстары жүргізілуде. Жобаны 2026 жылдың III тоқсанында іске қосу жоспарланған.

Кәсіпорын толық қуатына шыққаннан кейін жылына 50 мың тоннаға дейін мақта шикізатын өңдей алады. Негізгі мақсат — өңірде өндірілетін мақтаны шикізат ретінде ғана сатпай, оны қайта өңдеу арқылы қосылған құны жоғары өнім шығару.

Жоба аясында 36 жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып қана қоймай, ауданның өндірістік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

Зауытқа қажетті инженерлік инфрақұрылым да тартылған. Нысан газ және ауыз сумен қамтамасыз етілген, ал кәсіпорынның электр қуатына қажеттілігі 1500 кВт көлемінде қарастырылған.

Жаңа өндірістің іске қосылуы Мақтааралдағы мақта шаруашылығының дамуына қосымша серпін беріп, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу көлемін ұлғайтуға ықпал етеді.

Ұқсас материалдар