Бізге жазылыңыз:

Ұлттық банк: теңгенің әлсіреуіне негіз жоқ

Ұлттық банк: теңгенің әлсіреуіне негіз жоқ

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов базалық мөлшерлеменің төмендеуі мен мұнай бағасының құлдырауына қарамастан, теңге бағамы тұрақтылығын сақтап отырғанын мәлімдеді.

Сенат кулуарында журналистердің сұрағына жауап берген ол ұлттық валютаның әлсіреуіне негіз болатын айқын себептер байқалмай отырғанын айтты.

Сүлейменовтің сөзінше, базалық мөлшерлеме 17 пайызға дейін төмендетілгеннен кейін нарықта теңгелік активтердің тартымдылығы төмендеп, доллар бағамы өседі деген болжамдар болған. Алайда бұл сценарий жүзеге аспады.

— Базалық мөлшерлеме төмендегеннен кейін теңгенің әлсіреуі туралы пікірлер айтылды. Бірақ бағам бұрынғыдай 487–488 теңге деңгейінде қалып отыр, — деді Ұлттық банк басшысы.

Оның айтуынша, мұнай нарығындағы өзгерістер де ұлттық валютаға айтарлықтай қысым көрсеткен жоқ. АҚШ пен Иран арасындағы ықтимал келісімдерден кейін мұнай бағасы төмендегенімен, бұл фактор теңге бағамына елеулі әсер ете алмаған.

Ұлттық банк төрағасы қазіргі таңда теңгенің беріктігі елдегі макроэкономикалық тұрақтылықпен және экономикалық саясатқа деген сеніммен байланысты екенін атап өтті.

— Нарық қатысушылары макроэкономикалық тұрақтылықты, инфляцияны төмендетуге бағытталған саясатты және сапалы әрі инклюзивті экономикалық өсімге деген ұмтылысты көріп отыр. Осы факторлардың аясында теңге өзін жеткілікті түрде берік ұстап келеді, — деді Тимур Сүлейменов.

Осылайша, Ұлттық банк бағалауынша, сыртқы нарықтағы өзгерістер мен ақша-кредит саясатының жұмсаруы әзірге ұлттық валютаның тұрақтылығына қауіп төндіріп отырған жоқ.

Ұқсас материалдар