Қазақстан Ұлттық Банкі 2025–2029 жылдарға арналған Цифрландыру және деректерді басқару стратегиясының 2026 жылғы II тоқсандағы іске асырылу қорытындыларын Quarterly Business Review (QBR) форматында жариялады. Іс-шара барысында цифрлық қадағалау, жасанды интеллект және цифрлық теңге бағытындағы негізгі жобалар таныстырылды.
Негізгі жаңалықтардың бірі – цифрлық активтер нарығы мен төлем ұйымдарын бақылауға арналған SupTech бірыңғай қадағалау платформасы. Жүйе субъектілердің тізілімдері мен профилін жүргізуді, есептілікті талдауды, блокчейн-аналитиканы және қадағалау процестерін автоматтандыруды қамтиды. 2026 жылдың екінші жартысынан бастап қадағалау толықтай осы платформа арқылы жүзеге асырылады.
Сондай-ақ Alatau City Authority ұйымының жасанды интеллектке негізделген цифрлық шешімдерді дамыту бастамалары ұсынылды. Ұлттық Банк пен Alatau City цифрлық қаржы активтері экожүйесін бірлесіп дамыту бағытында тығыз жұмыс жүргізеді.
«Цифрлық теңге» жобасы аясында Ұлттық Банктің сатып алу рәсімдеріне арналған смарт-келісімшарттар порталы таныстырылды. Портал Цифрлық теңге платформасы және Ұлттық Банктің сатып алу жүйесімен біріктірілген. Онда контрагенттердің сенімділігін бағалау жүйесі енгізілген және цифрлық теңгені қолданудың түрлі сценарийлерін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Деректерді басқару бағыты бойынша респонденттің жеке кабинеті, Ұлттық Банктің бірыңғай деректер қоймасын дамытуға арналған Деректер фабрикасы, Ашық деректер репозиторийін жаңғырту, Master Data Management және Data Governance жүйелерін енгізу, сондай-ақ экономиканы кредиттеу бойынша талдамалық дашбордтарды әзірлеу жобалары таныстырылды.
Сонымен қатар NBK AI ішкі платформасы қызметкерлерге арналған бірыңғай цифрлық жұмыс кеңістігіне айналуда. 2026 жылдың сәуір-шілде айлары аралығында платформаның ай сайынғы белсенді пайдаланушыларының саны 54%-ға өсті, ал өндірістік ортада 10 цифрлық сервис іске қосылды. Бұдан бөлек, қызметкерлерге, еншілес ұйымдарға және бағдарламалау дағдысы жоқ мамандарға арналған үш бөлек жұмыс ортасы құрылды.
NBK AI Challenge байқауы аясында Ұлттық Банктің 103 командасы операциялық және талдамалық процестерді автоматтандыруға арналған шешімдер әзірледі. Үздік сегіз жоба QBR барысында таныстырылып, оларды одан әрі енгізу және кеңейту мүмкіндігі қарастырылуда.





