Бізге жазылыңыз:

Әлемдік инвестициялар жаңа кезеңге өтті

Әлемдік инвестициялар жаңа кезеңге өтті

2025 жылы әлемдік тікелей шетелдік инвестициялар (ТШИ) екі жылдық төмендеуден кейін 6%-ға өсіп, 1,6 трлн долларға жетті. Бұл туралы ЮНКТАД-тың World Investment Report 2026 есебінде айтылған. Алайда халықаралық қаржы хабтары арқылы өткен капитал ағындарын есептен шығарғанда, нақты өсім небәрі 4% болған. Сарапшылардың пікірінше, бұл жаһандық инвестициялар құрылымының түбегейлі өзгеріп жатқанын көрсетеді.

Соңғы ондаған жыл бойы өндіріс негізінен еңбек күші арзан елдерге көшіп келсе, бүгінде инвесторлар үшін басты басымдықтар өзгерді. Енді капитал сенімді инфрақұрылымы, дамыған технологиялық экожүйесі, білікті кадрлары және тұрақты бизнес ортасы бар мемлекеттерге бағытталуда.

Есепке сәйкес, 2025 жылғы инвестициялық өсімнің едәуір бөлігі жаңа өндірістердің ашылуынан емес, трансұлттық компаниялардың корпоративтік қайта құрылымдауы мен қаржылық операцияларының нәтижесінде қалыптасты. Сондықтан қазіргі ТШИ статистикасы өндірістің нақты кеңеюінен гөрі жаһандық бизнестің қаржылық белсенділігін көбірек көрсетеді.

Инвестициялар құрылымында да айтарлықтай өзгеріс байқалады. Қазір капиталдың негізгі бөлігі деректерді өңдеу орталықтарына, цифрлық инфрақұрылымға, жартылай өткізгіштер өндірісіне, мұнай-газ саласына және басқа да жоғары технологиялық әрі капиталсыйымды жобаларға бағытталуда. Ал дәстүрлі өндіріс, инфрақұрылым және жаңартылатын энергетика секторларындағы инвестициялық белсенділік баяулаған.

География бойынша да айырмашылық айқын. Дамыған елдерге тартылған инвестициялар 11%-ға өсіп, 723 млрд долларға жетсе, дамушы экономикалардағы өсім небәрі 2% болды. Оның өзі негізінен табысы жоғары мемлекеттердің үлесіне тиесілі.

Бүгінде әлемдік ТШИ көлемінің 80%-дан астамы небәрі 20 елге шоғырланған. Көш басында АҚШ, Сингапур, Гонконг және Қытай тұр. Бұл инвестициялардың барған сайын аз ғана елдер мен ірі жобаларға бағытталып жатқанын көрсетеді.

Сарапшылардың бағалауынша, әлемдік инвестициялық нарық жаңа кезеңге өтті. Егер бұрын елдің басты артықшылығы арзан өндіріс болса, енді шешуші факторлар – технология, инфрақұрылым, энергетикалық тұрақтылық және тиімді мемлекеттік саясат. Демек, мемлекеттер арасындағы инвестиция үшін бәсеке де жаңа қағидалар бойынша өрбитін болады.

Ұқсас материалдар