Қызылорда облысында 2026 жылғы вегетация кезеңінің қорытындысы шығарылды. Биыл суару маусымында ауыл шаруашылығы алқаптарын суару үшін Сырдария өзенінен 3,29 млрд текше метр су алынды.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы директорының орынбасары Айдос Асанбаев пен Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Айгүл Әлібекова мәлімдеді.
Суару маусымына дейін ондаған шақырым канал тазаланды
Суару кезеңіне дайындық барысында филиал мамандары механикалық тәсілмен жалпы ұзындығы 71,5 шақырым болатын 15 каналды тазалады. Жұмыс нәтижесінде 774,2 мың текше метр топырақ шығарылды.
Сонымен қатар инвестициялық бағдарлама аясында жалпы ұзындығы 33,3 шақырым болатын үш магистральдық және шаруашылықаралық канал тазартылды. Бұдан бөлек, төрт гидротехникалық құрылыс жөндеуден өтті.
Су шаруашылығы нысандарын тазалау және жөндеу жұмыстары вегетация кезеңі аяқталғаннан кейін де жалғасады.
121,2 мың гектар егістікке су берілді
Суару маусымында филиал өңірдің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен 121,2 мың гектар егістік алқапты суаруға арналған 1053 шарт жасасты. Оның ішінде 69 мың гектар күріш алқаптарына тиесілі.
Барлық шарт Су ресурстары және ирригация министрлігі әзірлеген жаңа биллинг жүйесі арқылы рәсімделді.
Филиал мәліметінше, шаруалармен жасалған барлық келісім толық көлемде орындалды.
«Биыл Сырдария өзеніндегі су көлемінің мол болуына байланысты Қызылорда облысында суару суының тапшылығы байқалған жоқ. Нәтижесінде каналдар арқылы су беру туралы шарт жасасқан әрбір тұтынушы жоспарланған су көлемін толық алды. Қазіргі таңда шаруалар егін жинау жұмыстарын жүргізіп жатыр», – деді «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы директорының орынбасары Айдос Асанбаев.
25 заңсыз сорғы қондырғысы анықталды
«Судың қара нарығына» қарсы іс-қимыл жөніндегі жол картасын іске асыру аясында Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы тұрақты түрде бақылау іс-шараларын жүргізді.
Тексеру барысында 135 гектар жерді суару үшін суды заңсыз алған 25 сорғы қондырғысы анықталды.
Құқық бұзушыларға жалпы сомасы 5,6 млн теңге болатын айыппұл салынды.
Қазіргі таңда өңірдегі шаруалар егін жинау жұмыстарын жалғастырып жатыр.





