Бізге жазылыңыз:

Қорғаныс министрлігін тексерудің алғашқы нәтижелері Президентке баяндалды

Қорғаныс министрлігін тексерудің алғашқы нәтижелері Президентке баяндалды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігіндегі жағдайды кешенді тексеру жөніндегі комиссия мүшелерімен кеңес өткізді. Жиында атқарылған жұмыстың алғашқы қорытындылары қаралды.

Комиссия төрағасы, Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары Аида Балаева тексерудің негізгі бағыттары бойынша баяндама жасады.

Кеңес барысында Маңғыстау облысында болған қайғылы оқиға Қарулы күштердегі бірқатар жүйелік мәселелерді анықтағаны айтылды. Алдын ала тергеу қорытындысына сәйкес, әскери іс-шараларды жоспарлау кезінде елеулі қателіктерге жол беріліп, бұған дейінгі басшылық тарапынан тиісті бақылау жүргізілмеген.

Президент алғашқы кадрлық шешімдер қабылданғанын атап өтті. Сонымен қатар әскери қызметшілердің қазасына кінәлі барлық лауазымды тұлға заң аясында жауапкершілікке тартылуы қажет екенін айтты. Мемлекет басшысы бұл мәселені жеке бақылауында ұстайтынын жеткізді.

Тексерудің бірінші кезеңінің қорытындысы бойынша құқық қорғау органдары Қорғаныс министрлігіне қарасты ұйымдар мен құрылымдық бөлімшелердегі заң бұзушылықтарға байланысты 13 қылмыстық іс қозғаған.

Атап айтқанда, мемлекет мүлкін талан-таражға салу және қызметтік өкілеттіктерді асыра пайдалану фактілері бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.

Маңғыстау облысындағы трагедияның себептерін зерттеу кезінде оқу-жаттығу жиындарын дайындау және жоспарлау, тәуекелдерді бағалау, десант түсіруді ұйымдастыру, сондай-ақ әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағыттарында елеулі кемшіліктер анықталған.

Қолбасшылық құрамның салғырттығына қатысты сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Қазіргі уақытта бес лауазымды тұлға қамауға алынған. Тергеу аяқталғаннан кейін олардың әрекеттеріне құқықтық баға беріледі.

Сонымен бірге әскери тәртіпті сақтау және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында да бірқатар мәселелер анықталды. Әскери қызметшілерге әлімжеттік көрсету және жарғылық талаптарға қайшы әрекеттер жасау фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалды.

Тексеру барысында әскери қауіпсіздік талаптарын сақтау, әскери қызмет өткеру жағдайлары, тылдық қамтамасыз ету және жеке құраммен тәрбие жұмысын ұйымдастыру мәселелеріне ерекше назар аударылып отыр.

Комиссия жұмысының келесі кезеңінде анықталған кемшіліктерді жою және Қарулы күштердегі басқару мен қауіпсіздік жүйесін жетілдіру бойынша тиісті шаралар қабылданады.

Ұқсас материалдар