Қазақстанда 2027 жылғы егіс науқанына дайындық басталды. 2026 жылғы 1 қазаннан бастап ауыл шаруашылығы өндірушілеріне ерте қаржыландыру тетігі іске қосылып, «Кең дала-2» бағдарламасы аясында 200 млрд теңге қарастырылды.
Қаражат 2027 жылғы көктемгі дала жұмыстарына дайындыққа бағытталып, жылдық 5% мөлшерлемемен беріледі. Ерте қаржыландыру шаруаларға тұқым, тыңайтқыш, жанар-жағармай және қосалқы бөлшектерді алдын ала сатып алуға, сондай-ақ техниканы уақытында дайындауға мүмкіндік береді.
Өтінімді қайда беруге болады
Шаруалар қаржыландыруға Аграрлық кредиттік корпорацияның филиалдары, екінші деңгейдегі банктер, кредиттік серіктестіктер, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар, өңірлік инвестициялық орталықтар және микроқаржы ұйымдары арқылы өтінім бере алады.
Қосымша ақпаратты 1408 нөмірі арқылы алуға болады.
Дала жұмыстарын қаржыландыру артты
Соңғы үш жылда егіс және жинау науқандарына бөлінетін қаражат көлемі айтарлықтай өсті. 2024 жылы 421 млрд теңге болса, 2026 жылы бұл көрсеткіш 750 млрд теңгеге жетті.
28 қыркүйектегі жағдай бойынша шаруаларға 664,4 млрд теңге беріліп, 8 млн гектардан астам жер қамтылды.
Кепілдік базасы жеткіліксіз шаруашылықтар үшін де қолдау тетігі қарастырылған. 2026 жылы жалпы сомасы 274,2 млрд теңге болатын 1 735 кепілдік берілді. Кепілдіктер несие сомасының 85%-ына дейін жаба алады.
2026 жылғы егіс және жинау науқаны
Биыл Қазақстандағы жалпы егіс алқабы 24,2 млн гектарды құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 597 мың гектарға көп.
Шаруаларға жеңілдетілген бағамен литріне 281 теңгеден 402,3 мың тонна дизель отыны бөлінді. Сонымен қатар 2,3 млн тонна көлемінде тұқым қоры қалыптастырылды.
Қыркүйек айының соңына қарай астық алқаптарының 83%-ы жиналды. Ауыл шаруашылығы өндірушілері 13,5 млн гектардан 19,9 млн тонна астық бастырды. Орташа өнімділік гектарына 14,7 центнерді құрады.
Лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарына 4,9 млн тонна жаңа өнім жеткізілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20%-ға көп.
Осылайша, ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау көлемін арттырумен қатар, қаржыландыруды егіс науқаны басталғанға дейін қолға алу бағытына көшіп жатыр. Бұл шаруашылықтарға өндірістік ресурстарды алдын ала сатып алып, 2027 жылғы дала жұмыстарына ертерек дайындалуға мүмкіндік береді.





