Бізге жазылыңыз:

Қазақстан мен Әзербайжан денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты кеңейтеді

Қазақстан мен Әзербайжан денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты кеңейтеді

Қазақстан мен Әзербайжан денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын талқылады. Бұл мәселе Бішкекте өткен кездесуде Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мен Әзербайжанның Денсаулық сақтау министрі Теймур Мусаев арасында қаралды.

Медициналық кадрларды даярлау

Кездесуде медициналық кадрларды даярлау және олардың біліктілігін арттыру негізгі бағыттардың бірі ретінде аталды.

Қазақстан Әзербайжан мамандарының біліктілігін арттыру бағдарламаларын кеңейтуді, сондай-ақ студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын дамыту мүмкіндігін ұсынды.

Қазіргі уақытта Қазақстанның медициналық жоғары оқу орындарында Әзербайжанның 31 азаматы «Жалпы медицина», «Стоматология» және «Педиатрия» мамандықтары бойынша білім алып жатыр.

Қазақстан тарапы әзербайжандық әріптестерін отандық алғашқы медициналық-санитариялық көмекті дамыту тәжірибесімен танысуға шақырды. Атап айтқанда, Алматы облысындағы ДДСҰ-ның алғашқы медициналық-санитариялық көмек жөніндегі демонстрациялық алаңына назар аударылды.

Медициналық туризм мен цифрландыру

Кездесуде медициналық туризмді дамыту мәселесіне де көңіл бөлінді. Қазақстанда шетелдік пациенттерге кардиохирургия, онкология, трансплантология, нейрохирургия, репродуктивті медицина, стоматология және кешенді диагностика бағыттары бойынша жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетіледі.

Тараптар бұдан бөлек, бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыру, денсаулық сақтау саласына цифрлық технологияларды енгізу және төтенше жағдайлар кезінде өзара іс-қимыл жасау перспективаларын қарастырды.

Ақмарал Әлназарова әзербайжандық тарапты Қазақстан ұйымдастыратын климат өзгерісінің халық денсаулығына әсеріне арналған тақырыптық іс-шараға қатысуға шақырды. Іс-шара аясында жүкті әйелдер, аналар, жаңа туған нәрестелер мен балалар сияқты осал топтарды қорғау мәселелері талқыланбақ.

Сонымен қатар екі елдің денсаулық сақтау саласындағы халықаралық алаңдардағы өзара іс-қимылы сөз болды.

«Біз денсаулық сақтау жүйелеріміз үшін нақты нәтиже беретін практикалық ынтымақтастыққа мүдделіміз. Бұл мамандар даярлау, тәжірибе алмасу, заманауи медициналық және цифрлық технологияларды енгізуді қамтиды. Қазақстан Әзербайжанмен бұл байланысты одан әрі кеңейтуге дайын», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.

Кездесу Бішкекте денсаулық сақтау саласындағы халықаралық іс-шаралар аясында өтті.

Ұқсас материалдар