Бізге жазылыңыз:

Алматы облысында жылына 1 млрд литр сусын өндіретін зауыт іске қосылды

Алматы облысында жылына 1 млрд литр сусын өндіретін зауыт іске қосылды

Алматы облысының Боралдай ауылында «Carlsberg Kazakhstan» компаниясының жаңа сусын өндіру зауыты жұмысын бастады. Жобаны іске асыруға $344 млн инвестиция бағытталған. Кәсіпорын жылына 1 млрд литрге дейін сусын өндіруге қауқарлы.

Жаңа өндіріс орнында жергілікті тұрғындарға арналған 230-ға жуық жұмыс орны құрылады. Кәсіпорында шығарылатын өнім Қазақстан нарығына жөнелтіліп қана қоймай, ТМД елдеріне экспортталады.

Зауыттың ашылу рәсіміне Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әрінов, Дания Корольдігінің сыртқы істер министрі Ларс Лёкке Расмуссен, Қазақстанның сыртқы істер вице-министрі, компания өкілдері және жергілікті тұрғындар қатысты.

Облыс әкімі жаңа өндіріс орны өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін күшейтіп, инвестициялық белсенділікті арттыруға және бәсекеге қабілетті өнім көлемін ұлғайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Данияның сыртқы істер министрі Ларс Лёкке Расмуссен кәсіпорынның іске қосылуын екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайтудың маңызды қадамы деп бағалады. Оның айтуынша, жоба сауда көлемін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өндірісте заманауи технологияларды енгізуге ықпал етеді.

Жобаның алғашқы кезеңінде бес өндірістік желі іске қосылып, түрлі дәмдегі сусындар өндіріліп, қапталады. Алдағы уақытта кәсіпорынның логистикалық инфрақұрылымын, соның ішінде қойма қуаттары мен дайын өнімді тасымалдау жүйесін дамыту жоспарланған.

Зауытқа қажетті шикізаттың бір бөлігі отандық өндірушілерден сатып алынады. Бұл импортқа тәуелділікті азайтып, жергілікті жеткізушілердің өнімдеріне сұранысты арттыруға мүмкіндік береді.

Кәсіпорында суды, электр энергиясын және жылу ресурстарын тиімді пайдалануға бағытталған заманауи технологиялар енгізілген.

Айта кетейік, 1 қазанда Қонаев қаласында «Қазақстан – Дания» бизнес-форумы өтіп жатыр. Іс-шара барысында екіжақты экономикалық байланыстарды кеңейту және жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері талқылануда.

Ұқсас материалдар