Бізге жазылыңыз:

Қазақстанның сыртқы мемлекеттік борышы 15,9 млрд долларға жетті

Қазақстанның сыртқы мемлекеттік борышы 15,9 млрд долларға жетті
Қаржы министрлігі таратқан статистикада сыртқы қарыздың жалпы сомасы 10 айдың ішінде қалай құбылғаны да көрсетілген.

1 қаңтарда сыртқы қарыз көлемі 15 млрд 872 млн доллар (8 трлн 309 млрд 719 млн теңге) болса, 1 қазанда бұл көрсеткіш 15 млрд 908 млн долларға (8 трлн 730 млрд 379 млн теңге) жеткен.

Сырттан қарағанда сыртқы борыштың жалпы сомасы айтарлықтай өспегенін көруге болады. Бірақ бұл Қазақстан 10 ішінде сырттан айтарлықтай қарыз тартқан жоқ деген сөз емес. Кейбір қарыздардың бір бөлігін жауып, есесіне кейбір қаржы институттарынан борышты белсенді тартқан. Мысалы, Халықаралық Қайта құру және Даму Банкі, (3 млрд 665 млн доллар), Азия Даму Банкі, 1 млрд 465 млн доллар), Еуропа Қайта құру және Даму Банкі (65 млн доллар), Ислам Даму Банкі (49 млн доллар), Жапон халықаралық ынтымақтастық агенттігі (149 млн доллар) сияқты қаржы институттарының алдындағы қарызын ішінара азайтса, Германия Үкіметінің кредит агенттігі (5 млн доллар) мен шетелдік коммерциялық банктер (200 млн доллар) алдындағы борышы жыл басындағы деңгейде сақталған.

Ал Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкі (909 млн доллар), Қытай Халық Республикасының Экспорттік-импорттік банкі (214 млн доллар) алдындағы қарызы мен еурооблигациялар (8 млрд 463 млн доллар), Ресей нарығында орналастырылған мемлекеттік құнды қағаздар (725 млн доллар) көлемі арта түскен.

Бұл жерде Қаржы министрлігі сыртқы қарыз ретінде мемлекет кепілдік берген борыштарды ғана есепке алып отырғанын айту керек. Әйтпесе халықаралық есептеулерде елдің сыртқы борышы 170 млрд доллардан асқаны туралы деректер айтылып жүр.  Ұлттық банктің бағалауы бойынша да елдің сыртқы қарызы 172 млрд 654 млн долларға жеткен.

Ұқсас материалдар