Бізге жазылыңыз:

Қазақстанның климаттық жобаларына $4 млн-нан астам қаржы тартылуы мүмкін

Қазақстанның климаттық жобаларына $4 млн-нан астам қаржы тартылуы мүмкін

Қазақстанда жоспарланып отырған климаттық жобаларды іске асыруға $4 млн-нан астам қаржы бағытталуы мүмкін. Қаражат тарту перспективалары мен экологиялық технологияларды енгізу мәселелері Баку климаттық іс-қимыл апталығы аясында талқыланды.

«Жасыл технологиялар және инвестициялық жобалардың халықаралық орталығы» (IGTIC) басқарма төрағасы Сәкен Қалқаманов БҰҰ-ның Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасы (UNEP) және БҰҰ-ның Өнеркәсіптік даму ұйымы (ЮНИДО) өкілдерімен келіссөздер жүргізді.

UNEP сарапшыларымен кездесуде IGTIC Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкімен бірлесіп жүзеге асырып жатқан технологиялық қажеттіліктерді бағалау (TNA) жобасының нәтижелері талқыланды. Қазіргі уақытта жоба қорытынды кезеңге өтіп, Технологиялық іс-қимыл жоспары әзірленіп жатыр.

Сонымен қатар тараптар ауыл шаруашылығы секторындағы, атап айтқанда мал шаруашылығындағы метан шығарындыларын азайту жобасына назар аударды. Бұған дейін IGTIC Климаттың өзгеруі жөніндегі үйлестіру орталығымен бірлесіп осы бастамаға гранттық қаржыландыру алу үшін өтінім берген.

Бұдан бөлек, Париж келісімінің 6-бабы аясында орман-климаттық жобаларды іске асыру мүмкіндіктері қарастырылды.

Ұлттық климаттық инвестициялық платформа құрылады

ЮНИДО өкілі Томаш Павелецпен кездесуде Жасыл климаттық қордың қолдауымен Readiness III бағдарламасы аясында ұлттық климаттық инвестициялық платформа құру мәселесі талқыланды.

ЮНИДО платформаны іске қосу және оның практикалық жұмысын дамыту бағытында IGTIC-ке техникалық қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді. Сондай-ақ тараптар Readiness IV бағдарламасының келесі кезеңі аясындағы ынтымақтастық перспективаларын қарастырды.

Жаңа платформа климаттық инвестицияларды ұлттық деңгейде үйлестіруге мүмкіндік беріп, өңірлік жасыл акселерация хабы арқылы Орталық Азия елдеріне жинақталған тәжірибені таратуға негіз болады.

Бұл бастама IGTIC пен ЮНИДО соңғы үш жыл бойы бірлесіп жүзеге асырып келе жатқан GCIP жобасының жалғасы болмақ.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар климаттық қаржыландыру, экологиялық технологиялар және төмен көміртекті даму жобалары бойынша ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға мүдделі екенін растады.

Ұқсас материалдар