Қазақстандық май өңдеушілер Қытайдағы терең өңдеудің озық технологияларымен танысты
26–30 шілде аралығында Қазақстанның Майлы дақылдарды өңдеушілер ұлттық қауымдастығының (НАПМК) делегациясы Қытайдың Хэнань провинциясындағы Хуасьянь қаласында орналасқан Henan Huatai Cereals and Oilseeds Machinery Co. (Huatai) компаниясының өндірістік алаңына барды. Huatai – май өңдеу саласына арналған жабдықтарды шығаратын ірі өндірушілердің бірі. Сапар НАПМК мен Huatai арасында жасалған ынтымақтастық туралы меморандум аясында ұйымдастырылды.
Делегация құрамына НАПМК өкілдері, қауымдастыққа мүше тоғыз май өңдеу кәсіпорнының мамандары, сондай-ақ С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті (ҚазАТЗУ) мен Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институтының (ҚазҚӨТӨҒЗИ) өкілдері кірді.
Сапар барысында қазақстандық делегация кәсіпорынның өндірістік қуаттарымен, майлы дақылдарды өңдеуге арналған жабдықтармен және оларды терең өңдеудің заманауи технологияларымен танысты. Сонымен қатар, қазақстандық кәсіпорындардың өкілдері Huatai басшылығымен B2B форматында кездесулер өткізіп, бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады.
Сапардың негізгі іс-шараларының бірі 28 шілдеде өткен астық пен майлы дақылдарды терең өңдеуге арналған озық технологиялар мен зияткерлік жабдықтар тақырыбындағы II Қазақстан–Қытай семинары болды. Семинарды Huatai компаниясы Chinese Cereals and Oils Association қауымдастығымен бірлесіп ұйымдастырды. Оған бизнес өкілдері, ғылыми қауымдастық және жабдық өндірушілер қатысты.
Ухань политехникалық университеті мен Хэнань технологиялық университетінің жетекші профессорлары қайта өңдеу өндірістерінің тиімділігін арттыруға бағытталған заманауи ғылыми әзірлемелер мен технологиялық шешімдерді таныстырды.
Семинар аясында ҚазҚӨТӨҒЗИ мен Huatai компаниясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат ғылыми-техникалық әріптестікті дамытуға, тәжірибе алмасуға, бірлескен зерттеулер жүргізуге және қайта өңдеу өнеркәсібіне жаңа технологияларды енгізу жобаларын іске асыруға бағытталған.
НАПМК мәліметінше, екінші бірлескен семинар Қазақстан мен Қытай арасындағы майлы дақылдарды терең өңдеу саласындағы серіктестікті нығайтудың кезекті кезеңіне айналды. Мұндай ынтымақтастық заманауи технологияларды трансферттеуге, қолданбалы ғылымды дамытуға, отандық кәсіпорындардың технологиялық деңгейін арттыруға және халықаралық өндірістік кооперацияны кеңейтуге ықпал етеді.
Айта кетейік, қазақстандық делегацияның Huatai өндірістік алаңына алғашқы сапары 2025 жылы НАПМК бастамасымен ұйымдастырылған болатын. Сол кезде тараптар ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған еді. Биылғы іс-шара сол келісімдер аясында жүзеге асырылды.





