Қазақстанда 2026–2029 жылдарға арналған халық табысын арттыру жөніндегі кешенді жоспар аясында жыл сайын 240 мың сапалы жұмыс орнын құру көзделіп отыр. Бұл туралы Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин мәлімдеді.
Оның айтуынша, жоспарды іске асыру бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысын арттыруға және халық табысының, әсіресе төмен және орташа жалақы алатын азаматтардың кірісінің инфляция деңгейінен 2–3%-ға жоғары өсуіне мүмкіндік береді.
Сондай-ақ жаңа технологияларды енгізу және білікті кадрларды тарту арқылы еңбек өнімділігін арттыратын сапалы жұмыс орындарын құруға басымдық беріледі.
Кадр даярлау жүйесін жетілдіру мақсатында кәсіпорындармен шамамен 600 меморандум жасалып, дуальды оқыту тетіктері күшейтіледі. Нәтижесінде еңбек нарығына қажетті кәсіби және цифрлық дағдылары бар мамандар саны артады.
Кәсіпкерлікті қолдау бағытында ауылдық жерлерде 30 мыңнан астам жеңілдетілген шағын несие беру жоспарланған. Сонымен қатар бизнестегі сапалы жұмыс орындарының саны жыл сайын орта есеппен 10%-ға өсіп отырады.
Бағдарлама шеңберінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары мен қызметтерге сауда үстемесін 15% деңгейінде ұстап тұру көзделген. Ал ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі 2029 жылға қарай бір жұмыскерге шаққанда 8,2 млн теңгеге дейін жетпек.
Үкімет болжамынша, қабылданатын шаралардың нәтижесінде 2029 жылы халық табысының азық-түлікке жұмсалатын үлесі 40%-дан аспайды.
Азамат Әмриннің айтуынша, кәсіпкерлік пен креативті индустрияларды дамыту, сапалы жұмыс орындарын көбейту және халықтың қаржылық тұрақтылығын нығайту кешенді жоспардың негізгі мақсаттарына қол жеткізуге мүмкіндік береді.





