2026 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша Қазақстанда 249 598 адам жұмысқа орналастырылды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
Жыл басынан бері 96 415 қазақстандық тұрақты жұмысқа орналасты. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда тұрақты жұмысқа орналасқандар саны 30 мыңнан астам адамға көбейді. Қазіргі таңда жұмысқа орналасқан азаматтардың басым бөлігі тұрақты жұмыспен қамтылып, тұрақты табыс пен толық әлеуметтік кепілдіктерге ие.
Еңбек нарығының құрылымында да оң өзгерістер байқалады. Егер бұрын жұмыспен қамтудың едәуір бөлігі уақытша жұмыс орындарына тиесілі болса, бүгінде басымдық ұзақ мерзімді еңбекке орналасуға берілуде. Жыл басынан бері уақытша жұмысқа орналасқандар саны 115 960 адамнан 76 953 адамға дейін азайып, еңбек нарығының тұрақты модельге көшіп жатқанын көрсетті.
Министрлік тұрақты жұмыспен қамтудың артуын мемлекеттік қолдау шараларымен байланыстырады. Атап айтқанда, жұмыс берушілермен ынтымақтастық кеңейтіліп, Enbek.kz электрондық еңбек биржасының цифрлық сервистері жетілдірілуде, сондай-ақ экономиканың сұранысына сай кәсіптік оқыту бағдарламалары мен жұмыспен қамту шаралары іске асырылып келеді.
Бірінші тоқсан қорытындысы бойынша жұмыспен қамтылғандар саны 9 млн 392 мың адамға жетті. Жалдамалы қызметкерлер саны шамамен 150 мың адамға артты. Сонымен қатар жұмыссыздық деңгейі 4,5%, ал жастар арасындағы жұмыссыздық 3% деңгейінде сақталып отыр.
Министрліктің мәліметінше, алдағы кезеңде сапалы жұмыс орындарын құру, еңбек өнімділігін арттыру және азаматтардың кәсіби дағдыларын дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасады. Негізгі мақсат – әрбір қазақстандыққа тұрақты, ресми және лайықты еңбекақы төленетін жұмысқа орналасуға мүмкіндік жасау.





