Бізге жазылыңыз:

Қазақстанда жоғары технологиялық өндірістердің үлесі 27,6%-ға жетті

Қазақстанда жоғары технологиялық өндірістердің үлесі 27,6%-ға жетті

Қазақстанда өңдеу өнеркәсібі соңғы бес жылда тұрақты өсім көрсетіп, өндірістің технологиялық деңгейі жоғарылап келеді. Бұл туралы Назарбаев университеті жанындағы Ұлттық талдау орталығында өткен «Өндірістен сұранысқа дейін: отандық өңдеу өндірісінің дамуы» тақырыбындағы дәрісте ұсынылған аналитикалық зерттеуде айтылды.

Сарапшылардың бағалауынша, 2021–2025 жылдары өңдеу өнеркәсібінің негізгі секторларындағы өндірістің орташа жылдық өсімі АҚШ доллары баламасында 11,2% болды. Ал 2025 жылы өсім қарқыны 12,1%-ға дейін жеделдеген.

Зерттеу нәтижесінде еліміздегі жоғары технологиялық өндірістердің үлесі 20,7%-дан 27,6%-ға дейін өскені анықталды. Сонымен қатар импорттың орташа жылдық өсімі де айтарлықтай баяулап, 2021–2023 жылдардағы 23,9%-дан 2023–2025 жылдары 2,9%-ға дейін төмендеген.

Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбековтің айтуынша, өңдеу өнеркәсібін дамыту өндіріс көлемін арттырумен қатар, экономиканың технологиялық деңгейі мен бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге бағытталған.

«Өңдеу өнеркәсібін дамыту – бұл өндіріс көлемінің артуы ғана емес, сонымен қатар экономиканың технологиялық деңгейі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Мемлекеттік саясат отандық өндірушілерді қолдауға, жаңа инвестициялық жобаларды іске асыруға, терең өңдеуді кеңейтуге және қосылған құны жоғары өнім шығаруға қолайлы жағдай жасауға бағытталған», – деді Олжас Сапарбеков.

Сарапшылардың пікірінше, бұл үрдіс ішкі өндірістік базаның нығайып, импортқа тәуелділіктің азайып, Қазақстанның шикізаттық емес экспорттық әлеуетінің артып келе жатқанын көрсетеді.

Ұқсас материалдар