Қазақстанда энергия ресурстарын ұтымды пайдалану және экономиканың энергия тиімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда. 2025 жылдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімнің энергия сыйымдылығы 2021 жылмен салыстырғанда 4,1%-ға төмендеді.
Бұл көрсеткіш Қазақстанның 2023–2029 жылдарға арналған энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласын дамыту тұжырымдамасында белгіленген мақсатқа сәйкес жүзеге асырылуда. Құжатта ЖІӨ-нің энергия сыйымдылығын 2021 жылғы деңгейден 10%-ға төмендету міндеті қойылған.
Өнеркәсіптегі энергия үнемдеу
2021 жылдан бері өнеркәсіптің түпкілікті энергия тұтынуындағы үлесі 9,5%-ға қысқарды. Бұған кәсіпорындарға қатысты мемлекеттік реттеу шаралары ықпал етті.
Міндетті энергетикалық аудиттен өтуі тиіс 512 өнеркәсіп кәсіпорнының 337-сі тексеруден өтті. Оның ішінде 239 кәсіпорын 2026–2030 жылдарға арналған энергия үнемдеу жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітті.
Қалған 175 кәсіпорында энергетикалық аудит жүргізу 2027–2029 жылдарға жоспарланған.
Тұрғын үйлер мен бюджеттік ұйымдар
Тұрғын үй секторында да энергия тиімділігін арттыру жұмыстары жүргізілуде. Соңғы он жылда Қазақстанда автоматтандырылған жылу тораптарымен және энергия үнемдейтін жарықтандыру құралдарымен жабдықталған 17 309 көппәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді.
Сонымен қатар бюджет секторының 665 ұйымы автоматтандырылған жылу пункттерімен қамтамасыз етілген.
Нормативтік база және халықаралық ынтымақтастық
Энергия үнемдеу саласындағы талаптарды жетілдіру мақсатында Мемлекеттік энергетикалық тізілімді қалыптастыру және жүргізу қағидаларына өзгерістер енгізілді. Энергетикалық аудитке қойылатын талаптар толықтырылып, мемлекеттік сатып алу кезінде энергия үнемдеу талаптары қолданылатын тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер тізбесі жаңартылды.
Халық арасында энергия үнемдеу мәдениетін қалыптастыруға да назар аударылуда. Германияның халықаралық ынтымақтастық жөніндегі қоғамының (GIZ) қолдауымен 2025–2026 жылдарға арналған тұрғын үй секторындағы энергия тиімділігін арттыру жөніндегі ақпараттық науқан жүзеге асырылып жатыр.
Жапонияның халықаралық ынтымақтастық агенттігімен (JICA) бірлесіп, энергия тиімділігін арттыру жобасының нәтижелері және энергия тұтынуы нөлге жуық ғимараттарды (ZEB/ZEH) дамыту жөніндегі жол картасы таныстырылды.
Қазақстан халықаралық күн тәртібі аясында энергия тиімді құрылыс пен климаттық тұрақтылық бағытындағы бастамаларды да ілгерілетіп келеді.
Жалпы, қолға алынған шаралар өнеркәсіптен бастап тұрғын үй секторына дейін энергия ресурстарын тиімді пайдалануға және экономиканың негізгі салаларына заманауи технологияларды енгізуге бағытталған.





