Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жеті микроқаржы ұйымын (МҚҰ) микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға арналған лицензиядан айырды. Мұндай шешімдер қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және микроқаржы нарығындағы заң бұзушылықтардың алдын алу мақсатында қабылданған.
Агенттіктің мәліметінше, тексерулер барысында жекелеген ұйымдардың заңнама талаптарын жүйелі түрде бұзғаны анықталған. Бұл жағдайлар қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтірген.
2026 жылғы 23 қазандағы бұйрықтар негізінде лицензияларынан айырылған ұйымдар:
-
«MaxMoney» МҚҰ» ЖШС;
-
«Microfinance Systems» МҚҰ» ЖШС;
-
«SurfKaz Finance» МҚҰ» ЖШС;
-
«MFO№1» МҚҰ» ЖШС;
-
«Умит Финанс» МҚҰ» ЖШС;
-
«Вивус» МҚҰ» ЖШС;
-
«EL QAZYNA» МҚҰ» ЖШС.
Қарыз алушылар нені білуі керек?
Лицензиясынан айырылған микроқаржы ұйымдары микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға құқылы емес. Сондай-ақ заңнамада көзделген жекелеген жағдайларды қоспағанда, қолданыстағы микрокредит шарттарының талаптарын өзгерте алмайды.
Сонымен бірге мұндай ұйымдар алдындағы берешегі бар азаматтардың міндеттемелері автоматты түрде жойылмайды. Қарыз алушылар жасалған шарттарға сәйкес төлем міндеттемелерін орындауға тиіс.
Заңнамаға сәйкес лицензиясынан айырылған МҚҰ 30 күнтізбелік күн ішінде қайта тіркеуден өтуі керек. Ол үшін ұйым өз атауынан «микроқаржы ұйымы» деген сөздерді және микроқаржылық қызметпен айналысатынын білдіретін өзге де атауларды алып тастауға немесе қайта ұйымдастыру не тарату туралы шешім қабылдауға міндетті.
Агенттік микроқаржы ұйымдарының қызметіне бақылауды жалғастырып, азаматтардың құқықтарын қорғауға және қаржы нарығындағы заңсыз әрекеттердің алдын алуға бағытталған шараларды күшейтетінін атап өтті.





