Қазақстанда туу көрсеткіші 9%-ға төмендеді: Қытай жөргектері нарықты жаулап жатыр
2026 жылғы қаңтар–қыркүйек аралығында Қазақстанда 227 мың бала дүниеге келді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9%-ға аз. Сонымен қатар балалар жөргегі нарығы импортқа тәуелділігін сақтап отыр, ал Қытай өнімдерінің үлесі артып келеді.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, жалпы туу коэффициенті 1 мың адамға шаққанда 16,4-тен 14,7-ге дейін төмендеді. Жаңа туған нәрестелер саны еліміздің барлық өңірінде азайған. Ең үлкен төмендеу Қызылорда облысында – 13,9%, Шығыс Қазақстан облысында – 12,2% және Жетісу облысында – 12% тіркелді.
Балалар ең көп дүниеге келетін өңір бұрынғысынша Түркістан облысы болып отыр. Тоғыз айда мұнда 32 мың сәби туған. Алайда бұл көрсеткіш те 11%-ға төмендеген. Алматыда 22 мың, Астанада 20 мың, Шымкентте 19 мың нәресте тіркелді.
Отандық өндіріс көлемі аз
Қазақстанда жөргектің өз өндірісі айтарлықтай дамымаған. Ұлттық статистика бюросы бұл өнімді қағаз бен целлюлозадан жасалған санитарлық-гигиеналық бұйымдардың кеңірек санаты аясында есептейді.
2026 жылғы қаңтар–қыркүйекте аталған өнімдер өндірісі 803,7 тоннаны құрады. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 5,8%-ға аз. Ал осы тауарлар тобының ішкі тұтыну көлемінің 93,8%-ы импорт есебінен қамтамасыз етілген. Ішкі нарықтағы сатылым 10,9 мың тоннаны құрап, 0,6%-ға қысқарды.
Тоғыз айда Қазақстанға 20,9 мың тонна балалар жөргегі мен жаялығы импортталды. Олардың жалпы құны 68,5 млн доллар болды. Заттай көлемде жеткізілім 0,7%-ға, ақшалай мәнде 2,8%-ға азайды. Импорттық өнімнің бір килограмының орташа бағасы 3,34 доллардан 3,27 долларға дейін төмендеді.
Салыстыру үшін, 2025 жылы елге 99,8 млн долларға 30 мың тонна балалар жөргегі мен жаялығы әкелінген. Экспорт көлемі мардымсыз – небәрі 223 тонна. Қазақстаннан өнім негізінен Өзбекстанға, Қырғызстанға және Түрікменстанға жөнелтілген.
Қытай нарықтағы үлесін арттырып келеді
Қазақстанға балалар жөргегі мен жаялығын жеткізетін негізгі ел – Қытай. Қаңтар–қыркүйек аралығында Қытайдан 15,6 мың тонна өнім импортталды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 11,5%-ға көп.
Жалпы импорттағы Қытай өнімдерінің үлесі 66,5%-дан 74,7%-ға дейін өсті. Екінші орында тұрған Ресейден жеткізілім 28%-ға қысқарып, 4,5 мың тоннаны құрады. Оның импорттағы үлесі 29,7%-дан 21,5%-ға төмендеді. Үшінші орында Түркия тұр: 660 тонна немесе импорттың 3,2%-ы.
Қытай өнімдері ресейлік тауарларға қарағанда арзанырақ. Қытайдан әкелінген жөргек пен жаялықтың бір килограмының орташа бағасы 2,98 доллар болса, Ресейден жеткізілген өнімнің бағасы 4,42 долларды құрады. Түркиядан импортталған өнімнің орташа бағасы – 2,34 доллар.
Бір жыл ішінде Қытай жөргектерінің бағасы 3,04 доллардан 2,98 долларға дейін төмендеген. Ал Ресей өнімдері, керісінше, 4,07 доллардан 4,42 долларға дейін қымбаттаған.
Өзге жөргек түрлерінің импорты да өсіп жатыр
Бұдан бөлек, өзге жөргек пен жаялық түрлерінің импорты артып келеді. Бұл санатқа, атап айтқанда, ересектерге арналған жөргектер мен сіңіргіш жаялықтар кіреді.
2026 жылдың тоғыз айында Қазақстанға осындай 7 мың тонна өнім әкелінді. Оның құны 19,3 млн доллар болды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда импорт көлемі заттай мәнде 27,3%-ға, ақшалай мәнде 17,9%-ға өскен.
Бұл сегменттегі импорттың негізгі бөлігін де Қытай қамтамасыз етті – 64,8%. Тағы 21,2%-ы Түркияға тиесілі. Қытайдан жеткізілім 63,7%-ға артса, Ресейден импорт 20,1%-ға, Польшадан 44,6%-ға азайды.
Аталған өнімдердің бір килограмының орташа импорттық бағасы 2,96 доллардан 2,74 долларға дейін төмендеді.
Осылайша, Қазақстанда туу көрсеткіші төмендеп жатқанымен, жөргек нарығы импортқа тәуелді болып қала береді. Бұл ретте Қытай өндірушілері балаларға арналған өнімдер сегментінде де, өзге жөргек пен сіңіргіш бұйымдар нарығында да өз позициясын нығайтып келеді.





