
Ағымдағы жылдың 1 тамызына дейін Қазақстанда тарихи және мәдени мұра нысандарына кең ауқымды түгендеу жүргізіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов тапсырма берді.
Мәдениет министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдар мен әкімдіктермен бірлесе отырып түгендеуді аяқтап, жаңартылған мәліметтерді ЮНЕСКО-ға жолдау жүктелді. Бұл қадам Қазақстан мұраларын халықаралық тізімдерге енгізу жұмысының бір бөлігі болып табылады.
Премьер елдегі тарихи маңызы бар ескерткіштердің маңыздылығын атап өтті. Олардың қатарында Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, Тамғалы петроглифтері, Қайалық, Талғар және Ақыртас қалашықтары бар. Бұл нысандар – елдің тарихи-мәдени бет-бейнесі.
🔹 Қазақстан ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралар тізіміне күй, қазақ күресі, асық ату, беташар, ортеке секілді элементтермен енген.
🔹 «Жібек жолы: Каспий-Еділ дәлізі» атты жаңа трансұлттық номинация дайындалуда.
🔹 Жақында «Хандар шежіресі» қолжазбасы «Дүниежүзінің жады» тізіміне енді.
Мәдениет министрлігі 1 қыркүйекке дейін мәдени мұраны сақтау және ілгерілету бойынша кешенді жоспардың жобасын Үкіметке ұсынуы тиіс.
Түркістан, Жамбыл, Алматы және Жетісу облыстарының әкімдіктері 15 қыркүйекке дейін ЮНЕСКО нысандары аймақтарын Мемлекеттік жер кадастрына енгізуі қажет.
Сондай-ақ, мәдени мұра нысандарына арналған цифрлық өнімдер жасау, жаңа туристік бағыттар әзірлеу және еліміздің мәдени құндылықтарын кеңінен насихаттау тапсырылды.