Бізге жазылыңыз:

Қазақстанда стресс-активтер нарығы дамып келеді

Қазақстанда стресс-активтер нарығы дамып келеді

Қазақстанда банктердің проблемалық активтерін азайту және стресс-активтердің толыққанды нарығын қалыптастыру жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Тимур Әбілқасымов Астанада өткен IPAF халықаралық конференциясында мәлімдеді.

Оның айтуынша, банк баланстарын сауықтыру нәтижесінде 2017 жылдан бері банк жүйесіндегі стресс-активтердің көлемі екі еседен астам қысқарып, 7,7 трлн теңгеден 3,1 трлн теңгеге дейін төмендеген.

Агенттік тәуекелге бағдарланған қадағалау жүйесін, активтер сапасын жыл сайынғы бағалауды (AQR) және банктердің стресс-тестілеуін қолданады. Тәуекел деңгейіне қарай қаржы ұйымдарына капиталға қатысты қосымша талаптар белгіленеді.

Сонымен қатар Қазақстанда проблемалық активтер нарығының инфрақұрылымы қалыптасып келеді. 2022 жылдан бастап мұндай активтерді жеке инвесторларға, соның ішінде резидент еместерге сатып алуға мүмкіндік берілді. Ал 2023 жылы шетелдік капиталды тартуға кедергі келтіретін салықтық шектеулер жойылды.

2024 жылы стресс-активтердің қайталама нарығының цифрлық инфрақұрылымы іске қосылды. Қазір DMAS және Debex платформаларында 408 аукцион өткізіліп, жалпы сомасы 310 млрд теңгенің активтері сатылды.

Жаңа реттеу талаптарына сәйкес стресс-активтердің қаржы ұйымдарының балансында болу мерзімі үш жылмен шектелді.

Агенттік нарықтың одан әрі дамуы жаңа инвесторлар мен капиталды тартуға байланысты екенін атап өтті. Бұл баға белгілеудің ашықтығын арттырып, нарықтың өтімділігін күшейтуге және қаржы ресурстарын экономикаға жылдамырақ қайтаруға мүмкіндік береді.

Ұқсас материалдар