Қазақстанда сұйытылған мұнай газын ел аумағынан әкетуге қойылған шектеу тағы алты ай мерзімге ұзартылды. Бұл туралы Энергетика министрлігінің бұйрығында айтылған.
Құжатқа сәйкес, сұйытылған мұнай газын, сондай-ақ пропан мен бутанды автомобиль және теміржол көлігі арқылы еліміздің аумағынан шығаруға уақытша тыйым салынады.
Сонымен қатар бірқатар жағдайларға қатысты ерекшеліктер қарастырылған. Атап айтқанда:
— өнімді бөлу туралы келісім немесе жер қойнауын пайдалану келісімшарты аясында өнім өндірген жер қойнауын пайдаланушыларға;
— Қарашығанақ және Қашаған кен орындарында өндірілген қазақстандық шикізаттан өңделген тауарларды халықаралық шарттар негізінде әкетуге;
— басталуы мен аяқталуы Қазақстаннан тыс жерде жүзеге асатын транзиттік тасымалдарға;
— Үкімет шешімімен көрсетілетін гуманитарлық көмек аясында шығарылатын жүктерге тыйым қолданылмайды.
Аталған бұйрық биыл 14 мамырдан бастап күшіне енеді.





