Қазақстанда қарыз алушыларды алаяқтықтан қорғауға бағытталған жаңа талап күшіне енді. 2026 жылғы 1 қазаннан бастап тұтынушылық кепілсіз онлайн-қарыз рәсімдеу кезінде жеке тұлғалардан арнайы сауалнама алу енгізілді.
Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі хабарлады.
Жаңа механизмнің негізгі мақсаты — алаяқтардың ықпалымен рәсімделетін кредиттердің алдын алу. Мұндай жағдайларда азаматтар қарыз алып, кейін қаражатты үшінші тұлғалардың шоттарына аударуы мүмкін.
Қарыз алушыға жеті сұрақ қойылады
Кредит рәсімделмес бұрын банк немесе микроқаржы ұйымы клиентке сауалнама жүргізеді. Онда қарыз алушыдан:
-
кредит рәсімдеуді кім ұсынғаны;
-
қарыз алуға өзі дербес жүгінгені немесе үшінші тұлғаның өтініші бойынша әрекет еткені;
-
кредит қандай мақсатта рәсімделетіні;
-
шарттың негізгі талаптарымен танысқаны;
-
біреудің қысым көрсетіп жатқаны немесе қарызды тез рәсімдеуге асықтырғаны;
-
кредит рәсімдеу фактісін банк қызметкерлерінен немесе туыстарынан жасыру ұсынылғаны;
-
бұған дейін «ақшаны қорғау» немесе «шоттағы операцияларды тексеру» деген сылтаумен қоңыраулар болғаны
туралы сұралады.
Күдікті жағдайларда кредит беру қосымша тексеріледі
Сауалнама барысында алаяқтық белгілері немесе қарыздың үшінші тұлғалардың ықпалымен рәсімделіп жатқаны анықталса, қаржы ұйымы жағдайды қосымша тексереді.
Бұл ретте қарыз алушыға ықтимал алаяқтық әрекеттерге байланысты тәуекелдер туралы қосымша ақпарат беріледі.
Тексеру нәтижесіне қарай қаржы ұйымы шарт жасасу туралы шешім қабылдай алады. Сондай-ақ анықталған күмәнді жағдайлар жойылғанға дейін кредит беруді уақытша тоқтатуға немесе шарт жасасудан бас тартуға құқылы.
Жаңа талаптар онлайн-қарыздар бойынша алаяқтықтың алдын алуға бағытталған бұған дейінгі шараларды толықтырады. Олардың қатарында биометриялық сәйкестендіру, ірі онлайн-қарыз рәсімдеген кезде енгізілген «шешім қабылдау кезеңі», сондай-ақ кредиттер мен микрокредиттер алудан ерікті түрде бас тарту мүмкіндігі бар.





