Бізге жазылыңыз:

Қазақстанда өндіріс көлемі артып, экономика 3,7%-ға өсті

Қазақстанда өндіріс көлемі артып, экономика 3,7%-ға өсті

2026 жылдың қаңтар–мамыр айларының қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасының өсімі 3,7%-ды құрады. Бұл көрсеткіш Премьер-министр Олжас Бектеновтің экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өткізген кеңесінде айтылды.

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, өсімнің негізгі драйверлерінің бірі өңдеу өнеркәсібі болды. Саладағы өндіріс көлемі 9%-ға артты. Машина жасау саласында өсім 22,2%-ды құрап, бес айда елде 81 мыңнан астам автокөлік өндірілді.

Сондай-ақ химия өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 17,8%-ға, құрылыс материалдары өндірісі 18,7%-ға ұлғайды. Ауыл шаруашылығында нақты көлем индексі 103,6% деңгейінде қалыптасты.

Кеңес барысында отын-энергетика кешенінің көрсеткіштері де қаралды. Үкімет басшысы инвестициялық жобаларды іске асыру қарқынын күшейту, жаңа өндірістерді уақытылы іске қосу және экономиканың қолда бар өсу резервтерін тиімді пайдалану қажеттігін атап өтті.

Олжас Бектенов министрліктер мен мемлекеттік органдарға жартыжылдық қорытындысы бойынша жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізу үшін барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды. Сонымен қатар нақты көлем индексі бойынша межелі нәтижелерге жету үшін мемлекеттік органдар басшыларының жеке жауапкершілігі бекітілді.

Ұқсас материалдар