Қазақстанда мемлекеттік қызметтерді ЖИ арқылы көрсету жүйесі кеңейтіледі
Қазақстан мемлекеттік қызметтерді цифрландырудың жаңа кезеңіне көшіп жатыр. Енді мақсат тек қызметтерді онлайн форматқа ауыстыру емес, жасанды интеллектіні пайдалана отырып, азаматтар мен бизнеске қажетті сервистерді барынша жылдам әрі проактивті түрде ұсыну. Бұл мәселе Үкіметтің отырысында қаралды.
Жиында «Digital Qazaqstan» стратегиясын жүзеге асыру, мемлекеттік ақпараттық жүйелерді жаңғырту және жасанды интеллектіні мемлекеттік басқаруға енгізу барысы талқыланды.
Премьер-министр Олжас Бектенов мемлекеттік қызметтердің жаңа цифрлық моделін қалыптастыру қажет екенін айтты. Оның пікірінше, жасанды интеллект тек ақпарат беретін құрал емес, мемлекеттік қызмет көрсету мен шешім қабылдау процестерінің толыққанды бөлігіне айналуы тиіс.
«Азаматтар үшін цифрлық қызметтер санын көбейтіп қана қою жеткіліксіз. Олар қажетті нәтижені жылдам әрі еш кедергісіз алғысы келеді», — деді Премьер-министр.
eGov 3.0 және 150 цифрлық қызмет
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің мәліметінше, мемлекеттік ақпараттық жүйелерді бірыңғай QazTech платформасына көшіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар электрондық үкімет порталы eGov 3.0 деңгейіне дейін жаңартылады.
eGov шлюзінің өткізу қабілетін 2,5 есеге арттыру жоспарланған. Ал eGov GPT цифрлық ассистенті арқылы қазірдің өзінде 50 мемлекеттік қызмет қолжетімді. Бұл сервисті 150 мыңнан астам адам пайдаланған.
Үкімет басшысы жыл соңына дейін eGov GPT арқылы ұсынылатын мемлекеттік қызметтер санын 150-ге дейін жеткізуді тапсырды.
Мемлекеттік қызметтердің цифрландырылуы ХҚКО-ларға түсетін жүктемені де азайтып келеді. Сұранысы жоғары қызметтерді электрондық форматқа көшіру нәтижесінде орталықтарға түсетін өтініштер саны 30%-ға қысқарған.
Әлеуметтік қызметтер автоматтандырылып келеді
Әлеуметтік-еңбек саласында цифрлық сервистердің үлесі де артып отыр. Бірыңғай платформа арқылы 49 мемлекеттік қызмет электрондық түрде көрсетіледі, тағы 28 қызмет проактивті форматқа көшірілген.
Жасанды интеллект атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезінде азаматтардың тұрғын үй-тұрмыстық жағдайын бағалауға қолданылады. Бұл технология арқылы 99 мың жағдай қамтылған. Мүгедектікті белгілеу барысында ЖИ 151 мың рет пайдаланылса, мемлекеттік қызметтерді автоматты түрде көрсету кезінде тағы 12 мың жағдай қамтылған.
Шілдеде Павлодар облысында «Цифрлық жұмыспен қамту қызметі» іске қосылды. Ол азаматтарға онлайн жұмыс іздеуге, оқуға және мемлекеттік қолдау шараларын алуға мүмкіндік береді. Қызметті қыркүйекте Маңғыстау облысында іске қосу жоспарланған. Жыл соңына дейін оны барлық өңірге тарату көзделіп отыр.
Бизнесті қолдау да біртіндеп онлайнға көшеді
Мемлекеттік қолдау шараларын цифрландыру жұмыстары да жалғасуда. Қазір қолданыстағы 150 шараның 63-і электрондық форматта көрсетіледі.
Ұлттық экономика министрлігіне «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, қалған шаралардың бизнеске ұсынылу тәртібін қайта қарау және оларды eGov Business платформасына шығару тапсырылды.
Әділет саласында да цифрлық шешімдер енгізілуде. Қазірдің өзінде 2,5 млн-нан астам атқарушылық жазба жасалған, оның шамамен 700 мыңы бойынша азаматтар eGov Mobile арқылы онлайн қарсылық білдірген.
Жыл соңына дейін нотариаттық әрекеттерді цифрлық тіркеуге мүмкіндік беретін e-Notary 2.0 жүйесін іске қосу жоспарланып отыр.
ХҚКО-лар AI-офистерге айналады
Үкімет халықпен тікелей жұмыс істейтін инфрақұрылымды да өзгертуге ниетті. Жыл соңына дейін барлық өңірдегі ХҚКО-ларды AI-офистер форматына көшіру міндеті қойылды.
Жаңартылған орталықтарда өзіне-өзі қызмет көрсетуге арналған экспресс-аймақтар, сараптамалық кеңес беру орындары және азаматтарды цифрлық сервистерді пайдалануға үйрететін аймақтар ұйымдастырылмақ.
Сонымен бірге табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтерін, оның ішінде бизнес нысандарын коммуналдық инфрақұрылымға қосу рәсімдерін цифрландыру тапсырылды. Бұл жұмысты екі ай ішінде аяқтау жоспарланған.
Үкімет цифрлық трансформацияны «Digital Qazaqstan» стратегиясымен байланыстыра отырып, мемлекеттік қызметтердің сапасын ғана емес, оларды алу тәсілін де өзгертуге басымдық беріп отыр. Негізгі міндет — азаматтың қажетті қызметке өтініш беріп, ұзақ рәсімдерден өтуін күтпей, тиісті нәтижені мүмкіндігінше автоматты түрде алуына жағдай жасау.
Стратегияны іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын келісу жұмыстары аяқталып, тиісті қаулы жобасын Үкіметке бір апта ішінде енгізу тапсырылды.





